Павлодар облысында қар құрсауында қалған үш адам құтқарылды
Жолаушылары бар автокөлік таңға жуық жол бойында бұзылып қалған
Павлодар облысында бір тәулік ішінде үш адам құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
12 қаңтар күні таңғы сағат 05.00 шамасында департаменттің «112» пультіне Ертіс ауданындағы Майқоңыр ауылы мен Ертіс ауылы арасында далада Ертіс ауданының № 9-ӨСБ-нен 30 шақырым қашықтықта техникалық ақауы бар Honda 14 маркалы автомобиль қар құрсауында қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түскен. Көлік ішінде 1994 жылғы жүргізуші, 1995 және 1993 жылдары туған екі жолаушы болған.
«Оқиға орнына келген азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері дереу жедел машинасымен техниканы қар құрсауынан сүйреп шығарды және үш ер адамды Ертіс ауылына эвакуациялады. Медициналық көмек қажет болмады. ТЖ қызметкерлерінің жедел іс-қимылдарының арқасында ешкім зардап шеккен жоқ және үсік алған жоқ», - делінген хабарламада.
Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін Павлодар облысы ТЖ департаменті құтқарушылардың ескертулеріне құлақ асуды сұрайды.
- Дауылды ескерту туралы СМС-хабарлама алған кезде елдімекендерден шықпау керек.
- Егер сіз жолға шықсаңыз, онда сізге өзіңізбен жылы киім, көрпе, күрек, дәнекерлеу шамы, шам, сіріңке, арқан және азық-түлік алу керек.
- Егер адам төтенше жағдайға тап болса, бірінші кезекте құтқару қызметіне «112» және «101» нөмірлері бойынша қоңырау шалу қажет.
- Автомобильдің авариялық сигналдарын қосып, жолға «stop» белгілерін қою қажет. Автомобиль салонында улы газ жиналмауы үшін машинаның шынысын аздап төмендетіп, машина тоқтаған жерді қардан жиі тазарту қажет.
- Жарық шағылыстырғыш элементтерді алып жүріңіз, олар жол-көлік оқиғаларының ықтималдығын 85%-ға төмендетеді. Ақ немесе сары түсті білезіктерді, белгішелерді, жапсырмаларды, таңдаңыз, олар тез көзге түседі.