ШұғылЕлімізде өткен тәулікте 855 адамнан коронавирус анықталды

Ақтөбе облысында шахтада қаза тапқан төрт адамның отбасына пәтер беріледі

Балалары 18 жасқа жеткенше әкелерінің еңбекақысын алып отырады

Қаза тапқан кеншілер

Ақтөбе облысында «Весенняя Аралчинская» шахтасындағы жарылыстан 4 кеншінің қаза болуына байланысты кен орнының жұмысы уақытша тоқтатылып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кен орнындағы жұмысшылар өлімінен соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында еңбек инспекторлары, полиция, жұмысшылардың өкілі бар.

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сот-медициналық сараптама тағайындалғаны, «Весенняя Аралчинская» шахтасындағы жұмыс уақытша тоқтатылғаны белгілі болды.

«Алдын ала болжам бойынша жұмысшылар белгісіз газдан уланып қалған. Әзірге сот-медициналық сараптама нәтижесі шыққан жоқ. Қазір кен орнының жұмысы тоқтап тұр. Оқиға орнында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды», - деді облыстық Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Қуаныш Қамиев.

Оқиға салдарынан қаза болған кеншілердің үшеуі – Хромтау, біреуі Қарғалы ауданының тұрғыны.

«Кен орнында жарылыс жүргізілетін кезде жанында басшылары болуы тиіс. Бірақ олар жанынан табылмаған. Сонымен бірге жарылыс жасайтын бір жұмысшының құжаты болмаған. Тергеудің әділ әрі ашық болғанын қалаймыз», - деді қаза болған Рустам Шәметовтің інісі Мәди Шәметов.

Төрт жұмысшының артында оннан астам бала қалды. Бәрі де кәмелет жасқа толмаған.

«Ақтөбе мыс компаниясы қаза болған жұмысшылардың отбасына 20 миллион теңге бөлді. Бұл – біржолғы көмек. Сонымен бірге барлығының баспана мәселесі шешіледі. Яғни, әр отбасына бір пәтер беріледі. Олар пәтерді аудан орталығынан немесе Ақтөбе қаласынан ала алады. Балалары 18 жасқа жеткенше әкелерінің еңбекақысын алып отырады. Ал аман қалған жұмысшыға денсаулығын қалпына келтіру үшін 5 миллион теңге біржолғы көмек беріледі», - деді Ақтөбе Еңбек инспекциясы басқармасының еңбек инспекторы Артур Әуезов.

Еске сала кетейік, 30 желтоқсан күні сағат 21:21-де Хромтау аудандық өрт сөндіру бөліміне Көктау кентінен 30 шақырым жерде орналасқан «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-ның «Весенняя Аралчинская» шахтасында жарылыс жұмыстары жүргізілгені, сол кезде төрт жұмысшының қаза тапқаны хабарланды. Оқиға орнында болған тағы бір азамат дәрігерлер қарағаннан кейін үйіне қайтарылды.