«Қостанай облысында сайлау мерзімінен бұрын басталған жоқ»: ОСК ақпаратты жоққа шығарды
Желіде тараған ақпаратқа Қостанай облыстық сайлау комиссиясының төрағасы жауап берді
Қазақстанда 10 қаңтарда парламенттік сайлау өтеді. Бірақ әлеуметтік желіде осы аптада Қостанай облысында жабық сайлау учаскелерінде мерзімінен бұрын дауыс берудің басталғаны туралы хабарлама тарады. Облыстық сайлау комиссиясы бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
4 қаңтарда Ермек Нарымбай есімді Facebook қолданушысы парақшасында мерзімінен бұрын басталған сайлау туралы жазба жариялады. Ол Қостанай облысы Алтынсарин ауданындағы «Сосновый» шипажайы учаскесінде мерзімінен бұрын дауыс беретінін жазып, бұл ақпаратты растауды немесе жоққа шығаруды сұраған.
Қостанай облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашко жазбада көрсетілген ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
«ҚР Сайлау туралы» Заңына сәйкес, сайлау бюллетеньдерi учаскелiк сайлау комиссияларына сайлаудан ерте дегенде үш күн бұрын және сайлаудан кемінде бiр күн бұрын жеткiзiледi. Аумақтық сайлау комиссиялары, әсіресе учаскелік комиссияларға әлі бюллетеньдер берілген жоқ. Сондықтан дауыс берудің өткізілуі мүмкін емес. Санаторий аумағындағы сайлау учаскесі – уақытша. Онда дауыс беретін сайлаушылардың тізімі сайлауға бес күн қалғанда ғана нақтыланады. Сайлау күні санаторийде қанша адамның демалатыны бүгін ғана белгілі болады. Содан соң азаматтардың тізімі жасалып, учаскелік сайлау комиссиясына тапсырылады. Осыдан кейін ғана учаскеге қажетті бюллетеньдер саны жеткізіледі. Бұл сайлауға бір күн қалғанда болады. Яғни, бюллетеньдер тек 8-і күні ғана жеткізіледі. 4 қаңтарда «мерзімінен бұрын дауыс берудің» өткізілуі мүмкін емес», – деп түсіндірді Александр Малашко.