$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.12.2020, 11:35
Оқиғалар

Bek Air апатына бір жыл: зардап шеккендерден ешкім кешірім сұрамаған, өтемақы төленбеген

Ұшақ апатынан зардап шеккендермен ашық сұхбат

Bek Air апатына бір жыл: зардап шеккендерден ешкім кешірім сұрамаған, өтемақы төленбеген
фотоколлаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Bek Air әуе компаниясына қарасты Fokker 100 авиалайнері 27 желтоқсан 2019 жылы сағат 07.22-де апатқа ұшырады. Әуе компаниясының Z92100/BEK2100 ішкі рейсі Алматы қаласы халықаралық әуежайынан Нұр-Сұлтан әуежайына ұшып шыққан соң бір минуттан кейін апатқа ұшырады. Гүлдала елдімекеніндегі үйлердің біріне соғылып, ұшақ бортындағы 98 адамның (93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі) 13-і қайтыс болды. 

Azattyq Rýhy тілшісі осы қайғылы оқиғадан тірі қалған жолаушылар және өмірден өткен азаматтардың туыстарымен тілдесіп, бүгінгі қал-жағдайларын білуге тырысты. Fokker 100 әуе кемесінің бортында болған белгілі әскери қайраткер, ҚР ІІМ ардагері, әділет генерал-майоры, Қазақстан генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров оқиға орнында қаза тапқан 12 адамның (13-ші адам бір аптадан соң көз жұмды. Ол ұшқыш Марат Муратбаев болатын – авт.) бірі болды. Диляра Қайдарова – Рүстем Есімханұлының келіні, Республикалық онкология және радиология институтының директоры. 

«ӘКЕМІЗДІҢ ҚҰНЫ ТЕМІР-ТЕРСЕКТЕН ДЕ АРЗАН БОЛҒАНЫ МА?» 

«Әрине, біздің отбасы үшін бұл орны толмас қаза. Егер ауырып жатса бір жөн, оқыстан келген ажал болды. Әкеміз оптимист, энергиясы тасыған, жасына қарамастан, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген кезі еді. Әрине, бұл қазадан соң біз өз-өзімізге әлі келе алған жоқпыз. Бір жыл өтсе де, оның достары, қатарластары мен әріптестері хабарласып тұрады. Олардың ешқайсысы да әкеміздің өмірден өтіп кеткеніне әлі сене алмай жүр десем де болады. Ол - біз үшін тірек болатын, кез келген мереке болсын, жақсылық болсын, оның айналасына топтасатын едік. Әсіресе, немерелеріне ауыр соққы болды. Жақында атамыздың Испаниядан досы келді. Ол 80 тал раушан гүлін сатып алып, бейіт басына барып ұзақ жылады», - дейді келіні.

Рүстем Қайдаров, Қазақстан генералдар кеңесінің төрағасы

Рүстем Есімханұлы генералдар кеңесін құрып, оны ұзақ жыл басқарды. Қоғамдық ұйым елдегі ішкі істер саласындағы реформаларға ықпал етіп, кеңес беріп отырды. Құзырлы орган басшылары ардагерлермен санасып, ұсыныстарын тыңдайтын. Рүстем Қайдаров 27 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласына кезекті іссапарға аттанғанда, Bek Air әуе компаниясының таңғы рейсіне билет сатып алған. Себебі ол сол күні Алматыға қайтадан оралуы тиіс болған.  

«27 желтоқсанда Рүстем Есімханұлының Ішкі істер министрімен кездесуі жоспарланған екен. Генералдар алқасының төрағасы ретінде жыл соңында есептік  жиынға барған беті еді. Одан бөлек, бір асқа қатысып қайтуы тиіс болған. Біз сол сапарының қарсаңында үлкен үйде кездескенбіз. Ол таңертең ұшып кетіп, сол күні кешке кері қайтатынын айтты. Осылай боларын кім білген. Жаңа жылды бірге қарсы алуды жоспарлағанбыз, сосын шетелге демалысқа барамыз деген ойымыз болған», - деп еске алады Диляра Қайдарова.

Отбасылық фото

Марқұм биыл тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Артында қалған ұрпағы Ішкі істер министрлігімен бірлесіп бірнеше шара өткізген. Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей, Жезқазған және Оралда еске алу шаралары өтіп, Полиция департаменттерінде мұражайлар ашылған. Ал, Алматыдағы өзі тұрған үйдің қабырғасына арнайы мемориалдық тақта орнатылды. Диляра Қайдарованың айтуынша, қайтыс болғанына орай ас беру шарасы пандемияның күшеюіне байланысты кейінге қалдырылған. Желтоқсан айының соңында М. Әуезов атындағы театрда салтанатты еске алу кеші өтуі тиіс болған екен.  

Марқұмның жақындарын қынжылтатын жағдай – Bek Air әуе компаниясы атынан ешкімнің кешірім сұрап келмегені және тиісті өтемақының төленбеуі. Диляра Қайдарова марқұмның жылын өткізген соң, осы қайғылы оқиғаға кінәлі тараптарға қатысты істерді көтеруге ниетті.

«Бізді  ренжіткен жәйт – тергеудің аяқталмауы. Тура бір жыл болды, бірақ осы қайғылы оқиғаға кім кінәлі деген сұрақтың жауабы жоқ. Bek Air-ге коронавирусқа байланысты жағдай оң әсер етсе керек, бәрі тынышталып қалды. Әуе компаниясы тарапынан ешқандай кешірім сұрау болған жоқ. Ал сақтандыру компаниясы осындай елдің құрметті азаматының құнын 280 мың теңгеге бағалапты. Біз ол сомадан бас тарттық. «Бұл сіздерге жерлеу рәсіміне» деп ұсынды. Алмадық. Кейде темір үшін, яғни автокөлікті соғып кетсе миллионға дейін өтемақы төлеп жатады. Негізі,  басында 14 млн теңге төленеді деген әңгіме болған, бірақ ондай қаражатты көргеніміз жоқ. Ел-жұрт олардан ақша алды деп ойламас үшін айтып отырмын. Апаттан кейінгі алғашқы айда менің күйеуімді (Рүстем Есімханұлының баласын – авт.) тергеу органдары бір-екі рет шақырды, одан соң ешкімнен хабар  болмады. Әкеміздің жылын өткізген соң, біз мұны жайына қалдырмаймыз», - дейді Д. Қайдарова.

Диляра Қайдарова (фото авторы: М. Қалдыбаев)

«ДАНА БІР КҮН БҰРЫН БИЛЕТІН КЕРІ ӨТКІЗБЕК БОЛДЫ»

Эмиль Шамсутдинов – әуе апатының қарсаңында марқұм Дана Круглованы соңғы рет көрген адамның бірі. Әріптестер жақын қарым-қатынаста болған, тіпті Қарағандыдан Алматыға қоныс аударған журналиспен бір пәтерде тұрған. Алматыдағы ақпараттық порталдардың бірінде бөлім басшысы болып еңбек еткен Дана Круглова Z92100/BEK2100 рейсіне ертерек билет алып, Нұр-Сұлтанда тұратын ата-анасымен бірге Жаңа жылды қарсы алуды жоспарлаған. Эмилдің айтуынша, ол елордаға ұшу-ұшпау мәселесін бірнеше рет талқылаған, тіпті билетті кері өткізу туралы ойы да болған.

«Біз Данамен бірге «Информбюро» ақпараттық сайтында бірге жұмыс істедік. Ол осы ақпарат агенттігінде белгілі автор болды. Оның мінезі қатал, адамдармен тез араласып кетуі қиын болатын. Бірақ екеуміз тіл табыстық, бірге пәтер жалдап тұрдық. Ол жақын танысымыздың пәтері болатын. Оқиғадан бір күн бұрын менің туған күнім болды. Ол ерте жатып, ерте тұрып кететінін айтты. Алайда мені туыстарым құттықтап келді де, бірге отырып, туған күнді тортпен ғана атап өттік. Сосын ол жатып қалды, ал ертең ерте тұрғанда хабарлама жазып кетіпті. Сол түні соңғы рет көрдім. Сосын «Жеттің бе?» деп хат жаздым, бірақ жауап болмады. Көп ұзамай ұшақтың құлағаны туралы жаңалық тарап жатты», - деп еске алады марқұмның әріптесі.

             Дана Круглова

Эмиль әріптесінің мүрдесін көргенше, өмірден өткеніне сене алмағанын айтады. Ол мүмкін басқа рейспен ұшып кеткен шығар деп үміттенген. Ұшақ апатынан соң, қаза тапқандар тізімінде 20-25 жас аралығындағы қыз бар деген хабарлама келгенде, ол Дана екеніне сенбепті. Себебі, оның жасы отыздан асқан.

«Біз сол күні редакциямызбен қаланы аралап, оқиға орнынан оны іздедік. Жараланғандар жатқан ауруханаларға бардық, тірі қалған шығар деген сенім басым болды. Мен оның сөмкесін көргенде, сосын барып мүрдесін көрсеткенде ғана оның өмірден өткеніне көз жеткіздім. Дегенмен, өмір жалғасып жатыр. Қазір тергеу бойынша ешқандай сыбыс та, хабар да жоқ. Ешкім бұл мәселемен айналысып жатқан жоқ сияқты болып көрінеді. Басында бұл тергеу  Президенттің жеке бақылауында деген болатын. Жарты жыл бұрын мен Талғар ауданындағы жер мәселесі, ұшақ құлаған аймақ туралы зерттеу жазу үшін ақпарат сұрадым. Бірақ ала алмадым, бәрі тергеу құпиялығына, ал жер бөлімі қағаздардың нұсқасы әлі цифрлық жүйеге көшпеген деген желеумен ақпарат беруден бас тартты. Ал ұшақ апатына қатысты тергеу ісі Bek Air-ді ғана кінәлі ететін сияқты, ал осы апаттың алдындағы тексеру органдары қайда қарады, ұшақтың сапасы неге тексерілмеген деген сұрақ туындайды. «Әуежай айналасындағы жерлер неге сатылды, оны кім қадағалау керек еді?» деген сауалдарға бір жылдан бері ешкім жауап бермеді. Кінәлілер жауапқа тартылмады», - дейді журналист.

   Ұшақ құлаған аймақ

Дананың ата-анасы Нұр-Сұлтанда тұрады. Әріптестері жақында оның жатқан жеріне барып, Құран бағыштап қайтыпты. Эмилдің айтуынша, марқұм соңғы сапарының алдында сырын айтып, отбасылық жағдайы туралы да ағынан жарылған. Дана Жаңа жылды ылғи басқа жақта қарсы алатынын, осы жылы ата-анасымен болғысы келетінін айтқан. Жалғыз ағасы көп жылдан бері шетелде, әке-шешесі Нұр-Сұлтанда тұрады екен.

«Ол екіойлы болды. Тіпті бір күн бұрын билетті өткізсем бе деп ойлаған болатын. Алайда «ажал айдап тұр» деген осы екен. Ол апатты алдын ала сезгендей. Дана отбасында жалғыз қыз болатын, ал туған ағасы басқа елге көшіп кетіпті. Сондықтан ата-анасының қасына барғысы келген. Біз бірге тұрғанмен, арамызда қыз бен жігіт сияқты қарым-қатынас болмады, жұмыс бойынша ол менің басшым болды. Дана былтыр менің бір қызбен танысуыма себепкер болды. Сосын мен ол қызға үйлендім, қазір бірге тұрып жатырмыз. Сүйіктім екеуміз сол үшін Данаға қарыздармыз. Енді бір күннен соң менің туған күнім, ол күнді бұрынғыдай көңіл күймен атап өтпейтін шығармын. Бұл күн – мен үшін өте ауыр күн...»,- деді Эмиль Шамсутдинов.

Эмиль Шамсутдинов (фото авторы: М. Қалдыбаев)

КОМПАНИЯ ӨКІЛДЕРІ БІР ЖЫЛДАН БЕРІ ЕШКІМНІҢ ЖАҒДАЙЫН СҰРАҒАН ЖОҚ – АЙБАР ТЕМЕНОВ

Халық әртісі, белгілі кино және театр режиссері Талғат Теменовтің ұлы Айбар да Fokker 100 авиалейнерінің бортындағы тоқсаннан астам жолаушының бірі болатын. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне телефон арқылы сұхбат берген ол таңғы сағат 06:35-те тіркеуден өтіп, ұшаққа беттегенін, ойында еш жамандық болмағанын айтады. Айбар борттағы «6B» деген орынға жайғасқан. Әуеге көтерілген соң, қас пен көздің арасында ұшақтың құлағанын және есін үйдің шатырында жатқан жерінде жинағанын айтты.

«Мен өзім «6B» деген орынға жайғастым. Менің алдымда отырған «5B»-дағы кісі қайтыс болды деп естідім. Ұшақ үйге соғылған кезде, екіге бөлінген. Сол кезде мен үйдің шатырына құладым. Шок жағдайда ештеңе сезбедім. Есімді жиып, бір ағаш тауып алдым да, соны саты сияқты қойып, жерге түстім. Содан соң ауруханаға алып кетті», - дейді Айбар Теменов.

Айбар журналистермен кездесуге дайын емес екенін айтты. Арада бір жыл өтсе де, оңалту шаралары оның орнынан тұрып, толыққанды жүріп кетуіне көмектеспеген. Аяқ-қолы сынған, сіңірі, еті қатты зақымданғандықтан, жүрген кезде аяқтың ісуі білінеді. Сондықтан арнайы құрылғы киіп жүретінін айтады.

«Мен бір жылға созылған оңалту процедураларын енді ғана аяқтап жатқандаймын, оның өзінде осымен бітсе жақсы. Бірақ әлі біте қоймайды-ау. Себебі әлі де ем-шара керек. Оң аяғымда әлі темір тұр, аяқ ісіп кетпес үшін, күні бойы жүру үшін арнайы корсет киіп шығамын. Болмаса, аяғымды ісіктен баса алмай қаламын. Ал апаттан соң қолым, аяғым сынды. Омыртқаларым орнынан қозғалып кетті. Басым жарылды, құлақ та жырылды. Сосын көз орбитасы деген болады, сол сынып кеткен. Соның салдарынан көзім төмен түсіп кетті. Сондықтан операция жасап, көзімді көтеріп, имплант қойды», - дейді Айбар Теменов.

Айбар Теменов пен Талғат Теменов (ашық дереккөзден)

Айбар Теменов бұл апатты еске алу ауыр екенін айтады. Себебі, көз алдына қайтыс болып кеткен адамдар елестейді.

«Көңілім құлазиды. Bek Air өкілдері осы күнге дейін зардап шеккендердің ешқайсына келіп, қал-жағдайын сұрамағаны жаныма қатты батады. Ол жерде барлығы билет сатып алып, бірі шаруаларымен, бірі отбасына, бірі Нұр-Сұлтанға демалуға бара жатқан еді. Бір жыл ішінде біздің жағдаймыз не болды деп келген ешкім жоқ. Өкінштісі сол. Басқаларды білмеймін, өзім жайында айтар болсам, көп шығындалдым. Әрбір дәрігерге барған сайын ақша төлейміз. Ешкім тегін қарамайды. Әуе компаниясы ешқандай өтемақы төлеген жоқ. Мемлекет зардап шеккендерге 1 млн теңгеден берді. Бір қор болды, қатты зардап шеккендерге қаражат жинап көмектесті, оларға рахмет. Естуімше, сол зардап шеккендердің ортақ WhatsApp тобы бар екен, осы мен айтқан мәселелер сол жақта да талқыланатын көрінеді», - дейді Айбар Теменов.

ТЕРГЕУ 2-3 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ЖАЛҒАСУЫ МҮМКІН

Bek Air компаниясына қарасты ұшақ апатына байланысты бірнеше қылмыстық іс тергеліп жатыр. «Юстус» заңгерлік кеңес беру палатасы қазір компанияға қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында зардап шеккендерге көмек көрсетеді. Палата төрайымы Жанэтта Бекахметова бізге берген сұхбатында істің әлі тергеліп жатқанын мәлімдеді. Заңгердің айтуынша, бірнеше сараптама жасалған, бірақ оның қорытындылары дайын емес. Сондықтан іске қашан нүкте қойылатыны белгісіз.

«Bek Air-ге қатысты қылмыстық істің әлі тергеліп жатқанын айта аламын. Себебі түрлі экспертизалар жасалып жатыр. Іс сотқа түспей, қандай да бір өтемақы туралы айту мүмкін емес. Сараптама қорытындысы бойынша кім кінәлі екенін сот қана анықтайды. Қазір бірнеше адам әлі де төсекке таңылып жатыр. Қазір оларды мазалап, қандай да бір түсінік алу психологиялық тұрғыдан соққы болып тиюі мүмкін. Көбі бұл күнді есіне де алғысы келмейді. Мен сот тергеуі барысында зардап шеккендерге тегін консультация беремін. Іс Алматы қаласы Полиция департаментінде қаралып тергелуде. Естеріңізде болса, SCAT компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған соң іс екі жыл тергелген болатын. Сондықтан қазір айыптау актісі дайын, іс сотқа барады деп айтуға ерте», - дейді заңгер.

Fokker 100 авиалейнерінің апатқа ұшырауына байланысты тергеуге ҚР Ішкі істер министрлігі, үкіметтік комиссия, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Авиация тергеу басқармасы, Алматы халықаралық әуежайы, «Қазаэронавигация» АҚ, Халықаарлық авиация комитеті мен Нидерланд королдігінің авиация жөніндегі бюросы тартылған.

Оқи отырыңыз: Bek Air ісі: ұйымдасқан қылмыстық топ, офшордағы есепшоттар, миллиардтаған шығын

Бұған дейін Қазақстан Авиация әкімшлігінің өкілі Питер Гриффитс БАҚ-қа берген сұхбатында Bek Аir қауіпсіздік ережелеріне атүсті қарағанын айтқан еді. Тіпті компания президенті Нұрлан Жұмасұлтанов ұшуға лицензия алу үшін жалған құжаттар өткізген деген болжам бар. Ал Fokker 100 ұшағы Нидерланд елінен жалға алынған. Тергеу органдары қазақстандық компанияның нағыз иелері Еуропада екенін және оларды іздеу қолға алынғанын мәлімдеді. Ол кезде Питер Гриффитс тергеудің екі-үш жылға созылатынын айтқан болатын.

Оқи отырыңыз: Талғар аудандық соты Bek Air компаниясының Решет Қалибекке қарсы арызын қараусыз қалдырды

Bek Аir компаниясына қатысты тікелей тергеуден тыс, Алматы облысы Гүлдала ауылдық округінің аумағындағы жер телімдеріне қатысты екі қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл істер әлі сотқа жеткен жоқ. Айта кету керек, қазақстандық әуе компаниясы Азаматтық авиация комитетінің шешімімен жұмысын толық тоқтатып, лицензиясынан айырылған болатын. Сондай-ақ, әуе тасымалдаушысы 900-ден астам жолаушыға билет құнын қайтарып беруі тиіс. Bek Air компаниясы апаттан бұрын билет сатып алып, бірақ компания қызметін пайдаланбаған азаматтарға 54 млн теңгені әлі қайтармаған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары