$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.07.2020, 15:20
Қоғам

«Bek Air» ісі: ұйымдасқан қылмыстық топ, офшордағы есепшоттар, миллиардтаған шығын

Ауыл және аудан әкімдіктерінің мамандары бірнеше жылда миллионер болып шыққан

«Bek Air» ісі: ұйымдасқан қылмыстық топ, офшордағы есепшоттар, миллиардтаған шығын

Былтыр 27 желтоқсанда Алматы маңында болған әуе апаты елдің жадынан шығып кеткендей. Коронавируспен алысқан халық 13 адамның өмірін қиған «Bek Air оқиғасы» туралы азды-кем ақпаратты БАҚ беттерінде жылт ете қалатын мақалалардан ғана оқып-біліп отыр.

Айта кету керек, қазақстандық әуе компаниясы Азаматтық авиация комитетінің шешімімен жұмысын толық тоқтатып, лицензиясынан айрылған болатын. Сондай-ақ, әуе тасымалдаушысы 900-ден астам жолаушыға билет құнын қайтарып беруі тиіс. Bek Air компаниясы апаттан бұрын билет сатып алып, бірақ компания қызметін пайдаланбаған азаматтарға 54 млн теңгені әлі қайтармаған.

Оқи отырыңыз: Bek Air жолаушыларына билет құнын төлеп беретін болды

Azattyq Rýhy тілшісі «Фоккер-100» ұшағы құлаған аумақтағы жер дауына қатысты мәселенің қазіргі жай-күйін білуге тырысты.

Апаттан кейін Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала елдімекеніндегі жер телімдерінің заңдылығына байланысты тергеу басталған болатын. Мәселенің құқықтық астарын зерттеп, заңсыздықтардың бетін ашу үшін республикалық комиссия құрылып, Нұр-Сұлтаннан арнайы прокурор да жіберілді. Одан тыс, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті ауқымды тергеу бастады.

Сонымен, өткен алты айда қандай деректер анықталды? Осы іспен құзырлы органдардың консультанты ретінде және тәуелсіз заңгер ретінде зерттеу жүргізген Бақытжан Базарбек істің мән-жайы туралы айтып берген еді.

Суретте: Бақытжан Базарбек

АУЫЛДЫҚ ОКРУГТІҢ ЕКІ ӘКІМІ МЕМЛЕКЕТКЕ 868 МЛН ТЕҢГЕ ШЫҒЫН КЕЛТІРГЕН

Осы қайғылы оқиғадан соң жермен байланысты астыртын айла-шарғы жасап келген шенеуніктердің үстінен қылмыстық істер қозғала бастады. Жиырмаға жуық лауазымды қызметкерге ұйымдасқан қылмыстық топ құру, алаяқтық және өзгенің сеніп тапсырған мүлкіне қол сұғу, өз ісіне салғырт қарау сияқты айыптар тағылды. Бірден айта кету керек, Талғар ауданының шенеуніктеріне қатысты қылмыстық іс екі сот өндірісіне бөлінген.  Алғашқысы бойынша тергеу аяқталып, осы аптада ол сотқа жолданды. Оған «Фоккер-100» ұшағы құлаған аумақтағы жер телімінің заңсыздықтарына байланысты деректер топтастырылып отыр.

Бақытжан Базарбек берген деректерге қарағанда, Bek Air оқиғасына байланысты айыпталып жатқан ауданның лауазымды тұлғалары сот алдында жауап бере бастады. Олар – 6 адам. Күдіктілер: 2013-15 жылдары Алматы облысы Талғар ауданында Жер қатынастары бөлімін басқарған Рустам Тұрысбеков, Қайрат Алтынбекұлы, жер кадастрі департаментінің экс- басшылары Жарас Мәшімбаев пен Медеу Қалыбеков, Жерге орналастыру бөлімінің бұрынғы басшысы Берік Абуллаев. Бұлардан тыс, ауылдық округтің жерлерін бөліске салуға атсалысқан делдал да бар.  Күдіктілерге аудан әкімінің жер бөлу қаулысын заңсыз дайындаған, жерге орналастыру жұмыстарын құқықтық нормаларға қайшы екенін біле тұра, қасақана орындаған деген айыптар тағылып отыр.

«Айталық, бір жер телімінің орташа құны 5 000 мен 7 000 АҚШ долларына бағаланады. Осы сома біз айтып отырған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің қалтасына кетіп отырған. Негізгі бөлігі шенеуніктерге, ал қалғаны ортада жүрген делдалдарға бөлінген. Олар осы кезеңге жарты миллион АҚШ доллары көлемінде қаражатты иемденген. Ал, бұл жер телімдерін қарапайым адамдар сатып алған. Кейбіреулер бұл топқа өзінің соңғы қаражатын берді, кейбірі несие алып қарызданып, тапқан ақшасын берді. Араларында бұл жерлерді бөліп төлеу үшін сатып алғандар да кездеседі. Айналымдағы қаражаттың көлемін естігенде, есімнен танып қала жаздадым», - дейді Б. Базарбек.

Қылмыстық істі тергеу барысында белгілі болғандай, ауылдық округтің екі әкімі мемлекетке 868 миллион теңге шығын келтірген. Олар өз қызметтерінде бір-бір жылдан ғана істеген. Ал, 2012-19 жылдары бұл аумақта 14 ауыл әкімі қызметте отырып кеткенін ескеру керек. Егер шынайы деректерге қарасақ, олардың әрқайсысы мемлекетке 400 млн теңгеден шығын әкелген деп айтуға болады дейді белгілі заңгер.

СОТ БАРЫСЫНДА ҚАРЖЫСЫН ОФШОРҒА ТЫҚҚАН ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ АТЫ АТАЛУЫ ТИІС

Гүлдала ауылдық округі Алматыға ең жақын орналасқандықтан, мұнда жерге деген сұраныс жоғары әрі баға да өсіп отырған. Сондықтан ауылдық деңгейдегі бұл жемқорлық пен жермен байланысты астыртын айла-шарғының масштабы кең. Ал, аудан көлеміндегі, соның ішінде аудан әкім мен оның орынбасарлары, жер қатынастары бөлімі және аудандық архитектураның бұл іске қаншалықты қатысы барын сот тергеуі көрсетеді. Айта кету керек, бұл іс бойынша шынайы тергеу жүргізілсе, осы жылдары мемлекетке келітірілген залал мөлшері миллиардтаған теңгемен өлшенеді дейді істің басы-қасында жүрген заңгер. 

«Әкімдік шенеуніктерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс барысында Алматы облысында 2008-12 жылдары Іле Алатауы ұлттық паркі аумағынан жерді оңды-солды сатқандар анықталды. Тергеу органдары сол кездегі әкімдік қызметкерлерінің кейбірінде миллиондаған доллар шетелдегі офшорларда жатқанын анықтады. Мысалы, ауыл әкімінің ресми жалақысы 120 мың теңге. Бірақ оның елден жасырын есепшоттарында миллион АҚШ доллары жатқаны ненің белгісі? Енді олар осы сот барысында бұл сұрақтарға өздері жауап береді деп ойлаймын», - дейді Б. Базарбек.

Қазір жүріп жатқан сот өндірісі бойынша, күдіктілердің барлығы өздеріне тағылған айыптауларды мойындап, мемлекеттік айыптаушымен процессуалдық келісімге келген. Мұндай жағдайда тергеу органдары да істің тезірек сотқа жолдануын қамтамасыз етеді. Тиісінше, кейбір деректер ашылмай қалуы мүмкін. Ал осы кезге дейін талан-таражға түскен мемлекеттің жері мен жымқырылған қаржыны қайтару ықтималдығы да өте төмен екен.

«Бұл жерде бәрі қылмысын мойындай салғанды жөн көреді. Оның өзіндік себебі бар. Әдетте процессуалдық келісімге келгендер жиған-терген мүлкін ойлайды. «Сотталсам сотталайын, содан соң уақытынан бұрын шығамын. Бірақ шекара асқан немесе аралдарда жатқан офшордағы қаражатымды біліп қоймасын» деген пиғыл басым болады. Ал осы кезге дейін ұрланған қаржыны қайтару қиын. Себебі, дүние-мүлік, есепшоттың барлығы өзге тұлғалардың атына тіркелген. Мысалы, офшордағы транзакцияларды жасыратын қызмет түрі бар. Оның құны 200 мың АҚШ долларына бағаланады», - дейді Базарбек.

КҮДІКТІЛЕР ҚАНДАЙ ҚЫЛМЫСҚА БАРҒАН?

Күдіктілер қылмысты қалай жасаған деген сұраққа келетін болсақ, Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылдық округінің әкімдігі, Талғар ауданының әкімдігі, жер қатынастары бөлімі, жер-кадастрі депараменті мен сәулет басқармасы ауылшаруашылық мақсаттағы (фермерлік, ұжымдық жерлер, дихандық жерлер - авт.) жер телімдерінің нысаналық мақсатын жеке қосалқы шаруашылық жүргізу немесе жеке тұрғын үй құрылысын салу (ЛПХ, ИЖС) үшін ауыстырған. Бұл «классикалық жүйе» арқылы егін шаруашылығына арналған немесе санитарлық аймақтар, әуежайға жақын жерлер, үй, ғимарат салуға рұқсат етілмейтін аумақтар елдімекен аумақтарына кіргізіліп, жекенің қолына өткен. Бұл «Жер туралы» кодекстің 97-бабына қарама-қайшы.

Шенеуніктер, әсіресе, жерге орналастыру бөлімінің мамандары жер телімінің орналасқан жерін жасанды жолмен жасырып отырған. Нысаналық мақсатын өзгерту кезінде жердің кейбір бөліктерін құжат жүзінде мүлдем басқа елдімекендердің аумағына орналастыру арқылы, тексерушілерді адастырған. Бұл құйтырқылықты саланың нағыз мамандары ғана анықтай алады. Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі түзетулерді заңсыз енгізген. Ал 2012-19 жылдары тек бір ауылдық округтің әкімі заңсыз жолмен 500 жер телімін рәсімдеген.

Алматы халықаралық әуежайына жақын орналасқан Гүлдала ауылдық округінің бір бөлігі санитарлық-қорғау аумағына жатады. Әуежай мен екі ортадағы 500 метр жерде ешқандай құрылыс болмауы тиіс еді. Мұны әуе айлағының әкімшілігі де қадағаламаған.

«Талғар аудандық сотында жүріп жатқан іс бойынша, бұл мәселеге орай қосымша қаулы қабылданып, жердің идентификациялық құжаттарының күші жойылуы тиіс. Ал одан тыс, шенеуніктерге жер сатып алушылар мен өзге де тұтынушыларды ұйымдастыратын делдардар қызмет көрсеткен. Соның бірі Нұрайым Алданыш есімді әйел осындай ортадан жеңіл ақша тапқысы келетіндерді ұйымдастырған», - дейді заңгер.

БЕЛСЕНДІНІ АТҚЫЗҒАНЫ ҮШІН СОТТАЛҒАН НҰРҒАЛИ АППАЗОВ ТАҒЫ ДА ЖАЗАЛАНАДЫ  

Жақында Талғар ауданында тергеліп жатқан тағы бір іс бойынша материалдар сотқа жолданады. Бұл қылмыстық іс бойынша Панфилов ауылдық округінің экс-әкімі Нұрғали Аппазов пен оның сыбайластары сұралып жатыр. Бақытжан Базарбек бұл іс бойынша консультант екенін айтады. Бірақ ол қылмыстық істің құпиялылығын сақтау үшін қол қойған. Сол себепті, оның детальдарын ашып айтқан жоқ. Бұл істің аясында 12 күдікті тергеліп жатыр. Олар санитарлық қорғау аймақтары, бейіт-мазарлар мен су қорғау аймақтарындағы жер телімдерін заңсыз рәсімдегені үшін айыпталады. Бұл ұйымдасқан қылмыстық топ 12 мың гектар болатын 191 жер теліміне заңсыз құжаттар рәсімдеген деген күдік бар.

Еске сала кетейік, Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазов ҚР ҚК-нің үш бірдей бабымен айыпты деп табылып, 7 жылға сотталған болатын. Оған биыл 17 наурызда билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру, қылмыстық құқықбұзушылыққа сыбайластарды тарту деген айыптармен үкім шықты.

Оқи отырыңыз: Маска жоқ: Қоғам белсендісі экс-әкімнің сотына «противогаз» киіп келді

Айта кету керек, сот отырыстары онлайн тәртібінде өтіп жатыр. Сот процесіне судья, прокурор, сотталушылардың өздері мен олардың қорғаушылары ғана қашықтан қатысып жатыр. Сондықтан Azattyq Rýhy тілшісі үшін толыққанды деректерді, бұл істің өзге де мән-жайын білуде қиындықтар туындады.  

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары