ШұғылЛицензиясынан айырылған Tengri Bank салымшыларының кепілдік өтемі қайтарыла бастады

Маска жоқ: Қоғам белсендісі экс-әкімнің сотына «противогаз» киіп келді

Нұрғали Аппазов 7 жылға сотталды

Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазов 7 жылға сотталды. Ал Аппазовпен бірге 6 ай қамауда отырған оның жүргізушісі Ғани Сманов ақталып, сот залынан босатылды. Экс-әкімнің сотталуына түрткі болған қоғам белсендісі Галина Арзамасованы қолдауға келген жақтастары сотқа «противогаз» киіп келді. Олар улы газдан қорғайтын құралды кию арқылы маска жоқтығына қарсылық білдірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Сотқа бірнеше адам қорғаныш құралын ала  келгенмен, үкім оқылғанда тек Юрий Маленьких қана 1 сағат 20 минут бойы «противогаз» киіп отырды. Қоғам белсендісі бұл әрекеті арқылы билікке наразылық білдіргісі келгенін айтады. Өйткені, ол коронавирустан қорғанатын масканы дәріханалардан іздеп таппаған.

«Масканы бірнеше күн іздеп таппадым. Әрі ол өте қымбат. Ал противогазды базардан 500 теңгеге сатып алдым. Осы арқылы билікке маска мәселесін шұғыл шешу керек екенін жеткізгім келді. Противогазды жаппай қолдануға кеңес бермеймін, басты қысады, тыныс алу қиын. Бірақ мен амалсыз бір жарым сағаттай шыдап, киіп отырдым», - деді белсенді Юрий Маленьких.

Ал Галина Арзамасованы атқызған экс-әкім Нұрғали Аппазов 7 жылға сотталып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Судьяның айтуынша, ауыл әкімі өзіне қарсы шыққандарға 2016 жылдан бері қастандық ұйымдастырып отырған.

«Сот Аппазов Нұрғали Әділбекұлын ҚР ҚК -нің 362-бабы 4-бөлігінің  1 және 3 тармақтары ( Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша,  107 -бабы 2- бөлігінің 4-тармағы  (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру),  28- бабының 3-бөлігі (Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлері) бойынша кінәлі деп тауып, түпкілікті 7 жылға бас бостандығынан айырылсын», - деді судья Ілияс Мұхадиұлы.

Қоғам белсендісін оқ атты деп айыпталған Аппазовтың жүргізушісі Ғани Сманов жәбірленушімен татуласына байланысты ақталып, сот залынан босатылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін Нұрғали Аппазовқа тағайындалған үкімге жәбірленуші разы емес екенін жеткізді.

«Аппазов 7 рет маған қастандық жасады. Одан біз 50 миллион теңге өтемақы талап еттік. Әкімнің туыстары делдал арқылы кешірім сұрап, 3 миллион теңге мен үш жер учаскесін ұсынғанда да көнбедік. Ал сот оған моральдық шығын ретінде тек 1 миллион теңге ғана өтеуді міндеттеді. Бұл аз. Біз келіспейміз. Апелляцияға береміз. Мен Мәскеуге барып, денемдегі оқты алдыруым керек. Оқ әлі алынған жоқ», - деді жәбірленуші Галина Арзамасова.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы