Карантин кезінде Сыбайлас жемқорлық агенттігіне шағымданушылар саны екі есеге артқан
Жыл басынан бері орталыққа 12 мың өтініш түскен

Карантин кезінде еліміздегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағым түсіруші азаматтар саны екі есеге артқан. Бұл туралы Агенттіктің Құжат айналымы басқармасының басшысы Қуаныш Мырзағали мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Карантин кезінде сыбайлас жемқорлық агенттігінен көмек сұраушылар саны екі есеге өсті. Ең көп арыз-шағым 2020 жылдың маусым айында түсті. Бір тәулік бұрын ғана 76 өтініш тіркелді. Бұл осы жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Сондай-ақ, карантин уақытында электронды шағым саны да екі есеге ұлғайды. Пандемия кезінде электронды үкіметтің тиімділігі қатты байқалды. Шағымданушылар үйден шықпай-ақ арызын жазып, жауабын жылдам уақыт аралығында алып отырды»,-деді Қуаныш Мырзағали.
Сондай-ақ, басқарма басшысы азаматтардың көпшілігі арыз-шағымды анонимді түрде жолдайтындарын атап өтіп, көпшілікті ашық болуға шақырды.
«Шағымданушылардың көпшілігі анонимді өтініш қалдырады. Анонимді арыздардың эффектісі төмен. Сол себепті, азаматтар арыз-шағым түсіретін болса, барлық мәліметтермен, өз аттарынан, ашық түрде түсіргені дұрыс. Сол кезде ғана тексеріс жүргізіліп, іс қаралатын болады», - деді ол.
Айта кететіні, жыл басынан бері орталыққа 12 мың өтініш түскен. Олардың 400-інен құқық бұзушылық әрекеттері анықталып, 8 шағымға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Айжан Қалиева, Алматы