Бурабайда танысын жезөкшелікке мәжбүрлеген ер адам ұсталды
Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынған
Бурабай ауданының курорттық аймағында танысын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген ер адам полицияның қолына түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Интимдік қызметке мәжбүрлеген жігіт қылмыстық кодекстің қос бірдей бабымен тергеуге алынған.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 29 жастағы Көкшетау қаласының азаматы бірнеше мәрте сотталған ер адам материалдық тәуелділігі үшін 25 жастағы таныс қызды бір жылдан астам уақыт бойы Бурабай ауданында интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрлеп келген.
«Қазіргі уақытта аталған екі қылмыстық факт бойынша Қылмыстық кодекстің 308-бабы «Жезөкшелікпен айналысуға тарту» және 194-бабы «Бопсалаушылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынған.
«Өмірде өз жолын таба алмаған нәзік жандылардың көпшілігі жеңіл жүріске салынып кететінін тәжірибе көрсетіп отыр. Негізінен, мұндай жеңіл жолмен ақша табуға алкогольге және еркін өмір сүруге бейім әйелдер түседі», - дейді Полиция департаментінен.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы