Шәкіртінің бетінен ұрып, басынан нұқыған жаттықтырушы жұмысынан айырылды
Пандемия кезінде жарыс өткізуге рұқсат еткен мектеп директоры да жауапқа тартылды
Жаңаөзен мектебіндегі волейбол командасының жаттықтырушысы Азамат Тұрмағамбетов шәкіртінің бетінен ұрғаны үшін жұмысынан босатылды. Сондай-ақ сабақ уақытында жарыс өткізгені үшін мектеп директоры да тәртіптік жауапқа тартылған. Бұл туралы Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің бастығы Ысқақ Құлатай хабарлады.
«Әдетте мұндай іс-шаралар қалалық білім бөлімімен келісілгеннен кейін өтуі тиіс. Ал мұнда балалар сабақ уақытында рұқсатсыз жарысқа қатысқан. Пандемияға байланысты директор тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - білім бөлімінің бастығы.
Айта кетейік, 20 желтоқсанда әлеуметтік желілерде волейбол жаттықтырушысы шәкіртінің бетінен ұрып, басынан нұқыған сәт түсірілген видео тарады. Кейінірек жаттықтырушы бұл әрекетіне түсініктеме беріп, шәкіртінің көшбасшы екенін және командасын жігерлендіру үшін осындай «қадамға» барғанын айтқан.