Алматы облысындағы құс фабрикасында 40 мыңнан астам тауық қырылып қалды
Фабрикада барлығы 44 мың құс болған
Ұйғыр ауданындағы құс фабрикасы тауықтарына ауа жетпей, тұншығып өлген. Ғимараттың ауа таратқыш құрылғысы істен шыққан. «Otan Green Food» ЖШС құс фабрикасында 41 мың тауық болған. Үй құстары 18-19 желтоқсан аралығында қырылып қалды.
«№2 бройлерлік цехының №3 корпусында 41 002 бас құс шығыны болған. Себебі №3 курпустың микроклимматын бірқалыпта ұстайтын компьютер ақауына байланысты желдету клапандары жабылып, ауа ағыны тоқтатылған. Аталған ақауға байланысты құстарға оттегі жетіспей, корпустың іші қызып кеткен. Бұл фактіні құс фабрикасының ветеринарлық қызметі растады. «Otan Green Food» ЖШС құс фабрикасында қалған құстар инфекциялық аурудан таза», - деді Алматы облысы Ұйғыр ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Ақжол Турахан.
Фабрикада құс тұмауына қатысты серологиялық бақылау жүргізілген. 10-желтоқсан күні соңғы рет ИФА әдісі бойынша жүргізілген зерттеулерге сәйкес құс тұмауы анықталмаған. Аудан бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты. Құстары қырылып қалған фабрика биыл қайта іске қосылған еді. Кәсіпорынның ресми сайтында жазылғандай, фабрика биыл жоспар бойынша 29 мың тонна құс етін өндіруі тиіс болған, онда жалпы саны 44 мың құс болған.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы