«Команданы жігерлендіргім келді»: жаттықтырушы волейболшы қыздарды ұрмағанын айтты
Бұған дейін желіде жаттықтырушының қыздарды ұрған видеосы тарап кеткен еді
Әлеуметтік желіде жарыс кезінде волейболшы қыздардың бірін ұрған жаттықтырушы Азамат Тұрмағамбетовтың видеоүндеуі жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Лада» басылымына сілтеме жасап.
Жаңаөзен қаласындағы № 3 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімінің айтуынша, видеодағы қыздар - спорт жарыстарында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген волейбол командасының мүшесі.
«Сырт көзге шапалақпен ұрғандай болып көрінгенімен, шын мәнінде олай емес. Алтыншы нөмірлі ойыншы - команда көшбасшысы. Мен өз әрекетіммен оны және команданы жігерлендіргім келді. Әрекетім сырт көзге дөрекі көрінсе, кешірім сұраймын», - деді жаттықтырушы.
Айта кету керек, әлеуметтік желіде жаттықтырушының волейболшы қыздардың бірін басынан және бетінен ұрып жатқан видеосы кең тарады. Маңғыстау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, спорттық іс-шара Мұнайлы ауданында көрермендерсіз өткен. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жаттықтырушы ретінде тіркелмеген және жарысқа оны ешқандай ұйым жібермеген. Оқиға бойынша комиссия құрылған.