СҚО-да жиһаз сатпақ болған тұрғын 2,6 млн теңгесінен айырылды
Қазіргі уақытта жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде

Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтық фактілері жиіледі. Тегін хабарландырулар сайты арқылы жиһаз сатпақ болған ауыл тұрғыны депозиттегі 2,6 млн теңгесінен айрылып қалған. Оған жапа шегушінің телефон арқылы хабарласқан алаяқтарға жеке мәліметтерінің барлығын айтып беруі себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Соңғы төрт күнде СҚО-да 7 интернет-алаяқтық тіркелді. Тайынша ауданының 39 жастағы тұрғынына аса көп шығын келтірілген. Әйел тегін хабарландырулар сайты арқылы жиһаз сатқан. Онымен қаскөй байланысқа шығып, сатып алуға дайын әрі өзінің шоты ресей банкінде екенін, төлем жасау үшін ЖСН мен карта нөмірін атауын айтқан. Сонымен қатар ол «жүк тиеушілер» келуі үшін мекенжайды айтуын өтінген. Телефон сөйлесулері барысында жәбірленуші сандар жазылған коды бар sms-хабарлама алған. Онымен әңгімелесуші әйел түбіртек толтыру үшін қажет сандарды атауын сұраған. Алаяқпен сөйлескеннен кейін жәбірленуші банкке қоңырау шалған. Банктен оның депозитінен үш кезеңмен 2 миллион 600 мың теңгеден астам барлық жиған қаражаты алынғанын хабарлаған. Деректерге қол жеткізгеннен кейін, қылмыскер интернет-банкингтің бар мүмкіндіктерін пайдаланған. SMS-хабарламадағы кодтар оған жәбірленушінің шотындағы операцияны растауына мүмкіндік берген. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бабының «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
«Қылмыскерлер түрлі айла-тәсілдерді қолданады, олардың мақсаты – жәбірленушінің жеке және қаржылық деректеріне қол жеткізу. Петропавл қаласының тұрғыны банктің қауіпсіздік қызметінен деп қоңырау соққандардың арбауына түсіп қалған. Қылмыскер әйелге оның шотынан біреулер барлық ақшасын аударып жатыр деп састырған. Қаражатты сақтап қалу үшін оны басқа шотқа ауыстыру қажет болған. Жәбірленуші картасының нөмірі мен sms-хабарлама кодты айтқан, содан кейін шын мәнінде оның депозитінен 700 мың теңге жоғалған. Банк қызметкерлері осылай қоңырау соқпайтындығын адамдардың есіне саламыз. Клиенттің өзінен басқа ешкім шотындағы қаражатты басқара алмайды. Банк карталарының нөмірі мен cvv-кодын, сонымен қатар карталар мен жеке құжаттардың фотосуретін, sms-хабарламадағы кодты ешкімге айтуға болмайды», -дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі полиция майоры Виталий Подчернин.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО