Алматыда пәтер тонаумен айналысқан ШҚО-ның 5 тұрғыны ұсталды
Күдіктілердің бәрі уақытша ұстау изоляторына қамалды
Алматы қаласы Медеу ауданында жүргізілген арнайы іс-шара барысында жасақ сарбаздары 5 күдіктіні «Горный Гигант» шағынауданындағы үйлердің біріндегіипәтерден шығып бара жатқан кезінде ұстады.
«Бұл топқа Шығыс Қазақстан облысының бес тұрғыны кіреді, олардың бәрінің соттылығы болған, оның ішінде мүліктік қылмысы үшін сотталғандар бар. Тұтқындаған уақытқа дейін қаскөйлер үй иелерінің жоқ екенін пайдаланып, алматылықтардың пәтерін тонап, сол жерден ақша салынған сейфті, алтын заттар, киюге болатын киімдер мен екі ноутбук ұрлап кеткен. Олар ұсталды, заттай айғақтар тәркіленді және қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелді, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Аталған факт бойынша іс жүргізуді Медеу аудандық Полиция басқармасының тергеу бөлімі аумақтық құрамы бойынша жүргізуде. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Спикердің айтуынша, тергеудің осы кезеңінде ұсталғандардың Медеу ауданындағы үш бірдей эпизодқа қатысы бар екені анықталды. Пәтер ұрыларының қылмыстық іс-әрекеті шаһардың басқа аудандарын да қамтуы мүмкін екені жоққа шығарылмайды. Енді олардың мүлік ұрлаудың басқа фактілеріне қатысының бар-жоғы тексеріледі.