Қордай қақтығысына қатысқандардың соты басталды

Сот Тараз қаласындағы тергеу изоляторында өтіп жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Биыл ақпанда Қордай ауданында болған қақтығысқа байланысты сот отырысы басталды. Масаншы және Бұлар батыр ауылындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар 10 айдан астам уақыт тергеліп, енді заң алдында жауап бермек.

Қылмыстық іс 300 томнан асады. Барлығы 51 адам айыпталуда. Қылмыстық іс судья Айдарбек Замбаевтың төрағалымен өтіп жатыр. Айыпталушылардан бөлек, сот залында 60-қа жуық адвокат бар. Процестің барлық қатысушысы коронавирусты анықтайтын тест тапсырған. Барлық сот процесі Тараздағы №13 тергеу аябағында өтеді. БАҚ өкілдері сот залына жіберілмеген, олар істі Тараз қалалық №2 сотында арнайы кабинетте онлайн тыңдап отыр.

«Сот алдында 51 адам жауап береді. Олардың 33-і қамауда, тағы 16 адамға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған, екеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта. Бүгін алдын ала сот тыңдалымы өтіп жатыр. Сот үш сағатқа кейінге шегерілді. Әлі басты сот талқылауы тағайындалмады. Бүгін сотқа жәбірленуші ретінде 8 адам келді. Күдіктілерге жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандары үшін айып тағылған. Қылмыстық іс 300 томнан асады. Сотқа 4 мемлекеттік айыптаушы қатысады», - деді Жамбыл облыстық соты Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Динара Қыдыралиева.

Еске сала кетейік, 20 қарашада ҚР Әскери соты Қордайдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 4 адамның жазасы жеңілдетілгенін хабарлады

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.