Қарағандыда жол жөндеу жұмысынан 200 млн теңге жымқырмақ болғандар анықталды
Прокурорлық қадағалау шараларының арқасында ірі көлемдегі бюджет шығынына жол берілмеді
Көлік прокуратурасы 197,3 млн теңгеден астам бюджет қаражатының заңсыз жұмсалуының алдын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қарағанды көлік прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қарағанды көлік прокуратурасы республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалануға қатысты жүргізген талдау нәтижесінде, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның Қарағанды облыстық филиалының жұмыстар құнын көтергені туралы деректі анықтады», - делінген ведомство хабарламасында.
Филиалдың 4 нысанының сметалық құжаттамасында қиыршық тас төсеу шығындары екі рет көрсетілген, нәтижесінде қажетті сома 197,3 млн теңгеге артып кеткен.
«Прокурордың ұсынуын қарау нәтижесінде, аталмыш қаржы қосымша келісімдер жасасу арқылы шығарылған. Филиалдың лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда осы бағыттағы тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.