«Қазақстанда бәрі сатылады»: Илья Ильин волейболшыға қолдау білдірді

Даңқты спортшы Федерация басшылығынан Алеся Сафронованы 1-2 ойынға ғана шеттетуді сұрады

«Қазақстанда бәрі сатылады»: Илья Ильин волейболшыға қолдау білдірді
Суретте: Алеся Сафронова, Илья Ильин

Еске сала кетейік, 12 қарашада «Жетісу» мен «Алтай» арасындағы кездесуде волейболшы Алеся Сафронова эмоциясын тежей алмай, тікелей эфирде «Қазақстанда бәрі сатылады, Федерацияда да» деп мәлімдеме жасаған болатын.

Волейболшының мәлімдемесі жанкүйерлерді де, спортқа жауапты шенеуніктерді бей-жай қалдырған жоқ. Алеся Сафронова келесі ойынға – «Ертіс-Қазхром» командасына қарсы матчқа қатыстырылған жоқ. Ол жарысқа қатысу құқығынан айырылғанын айтқан. Спортшының бұл сөзін Қазақстан волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев растады.

Осы оқиғадан кейін спортшы «қызбалыққа салынып айтқан мәлімдемесі» үшін кешірім сұрады.

Бүгін ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин қазақстандық волейболшыға қолдау білдіріп, Федерация басшылығынан (волейбол – ред.) оны 1-2 ойынға ғана шеттетуді сұрады.

«Мен әйелдер волейболында болып жатқан жағдай туралы айтқым келеді. Спортшы камера алдында ойын әділ өтпейтінін және төрешілер қарсылас команданың жеңуіне көмектескенін айтты. Ол артынан кешірім сұрады. Ешкімді кінәлағысы келмейтінін және қызбалықпен айтқанын жеткізді.

Айтқым келгені мынау: спортшы кешірім сұрады, бір ойынға уақытша шеттетіліп, бәрі ұмытылсын. Спортшыға қысым жасаудың не керегі бар?! Спорт дегеніміз – эмоция. Федерация өкілдерінен бұл мәселені қалыпты түрде шешуді сұраймын. Бір ойынға шеттетілсін, жарайды, екі ойынға болсын... Барлық спортшыға камера алдында сөйлеу кезінде мұқият болуы керек екені түсінікті болады!», - деп жазды Илья Ильин.

Қазақстан волейбол федерациясының бас хатшысы волейболдан әйелдер арасындағы XXIX ҚР чемпионатының 1-турының қазылар коллегиясы А.Сафронованы турдың соңына дейін дисквалификациялау туралы шешім қабылдағанын айтты. Алда өтетін атқарушы комитеттің отырысында оны ары қарай дисквалификациялау туралы мәселе қарастырылады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.