Алматыда ірі көлемде пара алған полицей сотталды

Бөлімше басшысы полиция майоры атағынан да айырылды

Алматыда ірі көлемде пара алған полицей сотталды
©Tengrinews.kz

Алматыда қызметін асыра пайдаланып, ірі көлемде бірнеше рет пара алған полиция қызметкері сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Медеу ауданының №2 аудандық соты Қ. есімді полиция қызметкерін бірнеше рет алаяқтық жасап және өзгені пара беруге итеремелегені үшін кінәлі деп тапты.

Құқық қорғау қызметкері 2011 жылы полиция бөлімшесінің бастығы қызметін атқару кезінде Алматы облысындағы жер учаскесін бөлуге жәрдем көрсету мақсатында С. есімді азаматтан алаяқтық жолмен 8000 АҚШ долларын алған. Бұдан бөлек, ол 2014 жылы аудандық ІІБ бастығының орынбасары лауазымына тағайындалған кезде алаяқтық жолмен борышкерді іздестіру мақсатында Б. есімді азаматтан «Mercedes Benz E-280» маркалы автокөлігін және 5 000 АҚШ долларын алған.

Сондай-ақ, 2020 жылы Қ. жедел уәкілі қызметін атқара отырып, алаяқтық жолмен лауазымды тұлғаларға пара беруге итермелеп, бұлтартпау шарасын таңдауға көмек көрсету және М. есімді азаматтың ұлына қатысты жұмсақ үкім шығару үшін 7 000 АҚШ доллары мен 150 000 теңге сомасында ақша алған.

«Сот үкімімен Қ. есімді азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1,2,4 тармақтарымен, 28-бабының 4-тармағы, 367-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасауда кінәлі деп танылып, Қазақстан Республикасы ҚК-нің 58-бабының 1, 3-бөлігіне сәйкес 5 жыл бас бостандығынан айыру және өмір бойы мемлекеттік қызметте, судьяда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде жұмыс істеу құқығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

Құқық қорғау саласында  түрлі лауазымды қызметтерді атқарған полиция елден алған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсап, жоғарыдағы азаматтарға берген уәделерін орындамаған. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотталушы  «полиция майоры» атағынан айырылды. Сот үкімімен кінәлі деп танылған Қ. жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.       

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.