«Қазақстанда бәрі сатылады»: танымал волейболшы дисквалификацияланды
Алда өтетін атқарушы комитеттің отырысында Алеся Сафронованың мәселесі қаралады
Еске сала кетейік, 12 қарашада «Жетісу» мен «Алтай» арасындағы кездесуде волейболшы Алеся Сафронова эмоциясын тежей алмай, тікелей эфирде «Қазақстанда бәрі сатылады. Федерацияда да» деп мәлімдеме жасады.
Волейболшының мәлімдемесі жанкүйерлерді де, спортқа жауапты шенеуніктерді бей-жай қалдырған жоқ. Алеся Сафронова келесі ойынға – «Ертіс-Қазхром» командасына қарсы матчқа қатыстырылған жоқ. Ол vksport.kz порталына берген жауабында жарысқа қатысу құқығынан айырылғанын айтқан. Спортшының бұл сөзін Қазақстан волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев растады.
«Волейболдан әйелдер арасындағы XXIX ҚР чемпионатының 1 турының қазылар коллегиясы А.Сафронованы турдың соңына дейін дисквалификациялау туралы шешім қабылдады. Алда өтетін атқарушы комитеттің отырысында оны ары қарай дисквалификациялау туралы мәселе қарастырады», - деп жауап берген.
Осы оқиғадан кейін спортшы «қызбалыққа салынып айтқан мәлімдемесі» үшін кешірім сұрады.