СҚО тұрғынының үйінен 1 млн теңгенің алтын бұйымы қолды болды
Күдікті бақылау камераларына түсіп қалған
Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданы тұрғынының үйінен бірнеше алқа, сырға, жүзіктер сынды тағы басқа бағалы алтын бұйымдар мен құндыз тоны қолды болған. Күдікті бақылау камераларына түсіп қалған. Ол бұған дейін ұрлық жасалған үйде жөндеу жүргізген жалдамалы жұмысшы болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Полиция бөліміне ауыл тұрғыны жүгінген. Кешке көрші ауылға кеткен уақытында белгісіз біреу үйінің пластикалық терезесін майыстырып, ішке еніп, алтын бұйымдары мен құндыз тонын ұрлап кеткен. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бейнебақылау камераларындағы жазбалар тексерілді. Бейнежазбалар бұрын сотты болған 1990 жылғы аудан тұрғынын анықтауға септігін тигізді. Ол үй иесінің жөндеу жұмыстарына жалдаған жұмысшыларының бірі болып шықты. Яғни қожайындардың үйінде бағалы заттар бар екендігінен хабардар болған.
Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-б. бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті ұрлаған заттарды иесіне қайтарды, оған келу туралы міндеттеме түріндегі мәжбүрлеу шарасы қабылданды.
«Бейнебақылау камералары — бөтеннің мүлкін ұрлауды ескертудегі және ашудағы тиімді құрал. Сондай-ақ, қорғаныс құралдарының болмауы қаскөйлердің ойдағыларын іске асыруларына жағдай жасайтынын түсіну маңызды. Пәтер ұрлықтарының алдын алу үшін үй-жайдың техникалық нығайтылуын ескерген жөн: сенімді құлып, мүмкіндік болған жағдайда пульттік күзетке қосылған бейнебақылау камераларын орнату», - дейді Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның ПБ бастығының орынбасары полиция майоры Асхат Ахметбеков.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО