Павлодарда сотталған азамат суға секірген қызды құтқарып қалды
22 жастағы қыз жігітімен жанжалдасып қалған соң өзіне-өзі қол жұмсамақ болған
Төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі және адамды құтқарғаны үшін Павлодар пробация қызметінің бастығы Әсет Мыңжасаров ер адамға алғыс хат табыс етті, хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жұмыс күндерінің бірінде Павлодар пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған адам жұмыстан келе жатқанда Усолка аймағындағы көпірдің маңынан батып бара жатқан қыздың айқайын естіген. Артық бір минутты да жоғалтпау керек екенінін түсінген ол дереу сыртқы киімін шешіп, суға секіріп кетеді. Дер кезінде көрсетілген алғашқы көмек пен жедел жәрдем шақырудың арқасында, сотталушы көмек сұрап жанұшырған қыздың өмірін сақтап қалды.
Айта кету керек, уақытылы реанимация шараларын жасамаса, адам жедел тыныс жетіспеушілігінен кенеттен қайтыс болуы мүмкін.
«Сол кезде судың қаншалықты суық екенін сезбедім, үйге оралғанда ғана суықтан қатып қалғанымды түсіндім. Шынымды айтсам, бәрі лезде болды. Мен бұл ісімді ерлік деп санамаймын. Тек уақытында сол жерде болдым. Менің орнымда болса, бәрі де солай істер еді. Мүмкін теңіз жаяу әскерінде қызмет еткендіктен, судан қорықпаған шығармын», - дейді ол.
22 жастағы қыз жігітімен жанжалдасып қалғаннан кейін өзіне-өзі қол жұмсамақ болған. Бұл жағдайдан кейін қызды құтқарған азамат оның қайда екенін біліп, ауруханаға барған. Әңгіме барысында ол ешқашан асығыс әрекет жасамауға кеңес берген, өйткені сол күні көпірдің жанында болмағанда, жағдайдың өалай аяқталары белгісіз еді. Қыз сотталушыға алғысын білдіріп, алдағы уақытта ондай әрекеттерді жасамауға уәде берді.