Алматы облысында үй жануарларын азаптап өлтіріп жүргендер ұсталды
Ағайынды екеу қаңғыбас иттер мен мысықтарды айуандықпен өлтіруді әдетке айналдырған
Алматы облысында психикалық ауытқулары бар ағайындылар қаңғыбас иттер мен мысықтарды азаптаумен айналысқан, деп хабарлайды Polisia.kz.
«14 қараша күні Талғар ауданының полиция бөліміне Панфилов кентінің 23 жастағы тұрғыны хабарласып, аталған ауылда белгісіз біреулердің қаңғыбас иттер мен мысықтарды айуандықпен азаптап өлтіргені туралы айтқан», - делінген ПД хабарламасында.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде бір тәулік ішінде Талғар ауданы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ағайынды екі тұрғынды ұстады.
Тексеру барысында он шақты ит пен мысықты азаптап өлтірген 29 және 37 жастағы екеудің психоневрологиялық диспансерде есепте тұратыны анықталды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабының 2-бөлігі (Жануарларға қатыгездік жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазіргі таңда күдіктілерді психиатриялық ауруханаға орналастыру мәселесі қарастырылуда.