СҚО-да жыл басынан бері жол апатынан 30 адам қаза тапқан
Полицейлер төрт күн ішінде облыс жолдарында жүрген 23 мас жүргізушіні анықтады
СҚО полицейлері 12-15 қараша аралығында облыста өткізілген «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы уақыт аралығында облыс жолдарында 23 мас жүргізуші ұсталды. Олардың бәрі әкімшілік қамаққа алынып, көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Масаң күйде болған заң бұзушылардың бірі «Daewoo Nexia» автокөлігімен Ғ. Мүсірепов көшесі бойындағы үйлердің ауласында келе жатқанда тоқтатылды. Жүргізушіден алкогольдің иісі шығып тұрды. Медициналық куәландыру бойынша алкогольдік масаңдықтың орташа дәрежесін көрсетті. Оның сондай-ақ, тексеріс барысында 2017 жылы масаң күйде рөлге отырғаны үшін көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Автокөлігіне қайта отыруға құқық тек жеті ай бұрын берілген екен. Жазаланғанына бір жыл толмауына байланысты, ол жүргізуші алдағы сегіз жыл бойына көлік тізгіндей алмайды.
«Сондай-ақ, төрт күн ішінде патрульдер бұрын басқару құқығынан айырыла тұра масаң күйде қайта рөлге отырған үш жүргізушіні тоқтатты. Заң ондай азаматтарға 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл салу және өмір бойына басқару құқығынан айыру жазасын қарастырады. Қатаң шаралардың өзектілігі айқын: СҚО-да 10 ай ішінде түрлі жол-көлік оқиғаларынан 30 адам қаза тапты, оның 5-і мас жүргізушілердің кесірінен болған. Жол-көлік оқиғаларына жол бермеу үшін жыл басынан жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз жол», «Лишенник» сияқты сегіз іс-шара өткізілді», – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.
«Мас жүргізуші» профилактикалық іс-шарасы кезінде жол жүрісі қағидалары бойынша 1 763 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде, 179 жүргізуші басқару құқығынсыз рөлге отырған, 119-ы жылдамдық режимін бұзған, 30-ы бағдаршамның рұқсат етілмеген түсіне өтсе, 19-ы жаяу жүргінші жолағында адамдарды өткізбеген.