Алматылық тұрғын өзінен қатты шуламауын өтінген ер адамға оқ атқан
Оқиға Алматы қаласындағы Дорожник шағынауданында болған
Ішімдікке тойып алған алматылық тұрғын өзінен қатты шуламауын өтінген ер адамға жауап ретінде тапаншадан оқ атқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға тамыз айында Алматы қаласындағы Дорожник шағынауданында орын алған екен. Ішімдікке сылқия тойып алған ер адам көпқабатты тұрғын үйдің алдына келіп, әлдебір досын айғайлап шақыра бастайды. Тұрғындар одан қатты шуламауын сұрап, ескерту жасайды. Өзіне қатқыл дауыспен жасалған ескертуге ашуланып шыға келген мас ер адам қолындағы сигналдық тапаншамен балконда тұрған тұрғындардың бірін атып жібереді. Соның салдарынан, оқ тиген ер адамның денсаулығына жеңіл зақым келген.
«Қоғамдық тәртіпті бұзған бұзақы мен жәбірленуші көп ұзамай өзара келісімге келгендіктен, жәбірленуші қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш берді. Тараптардың ымырыласуы себепті, сот қаулысымен сотталушы азамат қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Бұзақылық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс өндірісі тоқтатылды», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Дегенмен, сот қаулысы әлі заңды күшіне енбегенін айта кету керек.