Қарағанды облысында улы газдан бір адам қайтыс болды
Облыс аумағында жылыту кезеңі басталғалы бері 234 өрт болып, 12 адам қаза тапқан
Қарағанды облысында жылыту маусымы басталғалы бері Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері 60 мыңнан астам адамды қамти отырып, 20 мыңнан астам тұрғын үй секторын аралаған. 2020 жылдың тамыз айынан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлеріне 350 датчик орнатылды. 2018 жылдан бастап облыста барлығы 2389 датчик орнатылған. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын алу жұмыстарына қарамастан, облыс аумағында жылыту кезеңі басталғалы бері тұрғын үй секторында 234 өрт болған. Өрт салдарынан 12 адам қаза тапты, 10 адам жарақат алды.
Мәселен, осы жылдың 13 қарашасында таңғы сағат 04:16-да Қарағанды қаласының Углесборочная көшесінде бір қабатты тұрғын үйде өрт шыққан. Төрт бөлмелі үйдің дәлізінде 2 шаршы метр алаңда отын, көмір және еден жанып кеткен. Өрт сөндіру барысында ТЖД қызметкерлері үй иесін, 1963 жылы туған ер адамды құтқарып қалды. Алайда өкінішке қарай, үй иесінің 56 жастағы әйелі газдан уланып қайтыс болды. Өрт таңғы сағат 04:41-де сөндірілді. Өрттің себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуы болды.
ТЖД өкілдері тұрғындарға төтенше жағдайларға, адамдардың қаза болуына және жарақаттануына жол бермеу мақсатында өрттің алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажет екенін еске салады. Атап айтқанда:
- электр сымдарының, ажыратқыштар мен розеткалардың жарамдылығын бақылау қажет;
- электр аспаптарын, плиталарды жарамды күйде, жанбайтын тұғырларда, перделерден, жиһаздардан және жанғыш материалдардан алыс ұстау керек;
- бір желіге бірнеше электр аспаптарының қосылуына жол бермеу қажет, бұл электр желісінің артық жүктелуіне әкеледі;
- қолдан жасалған электр қыздырғыш аспаптарды пайдаланбау керек;
- жылыту маусымы басталар алдында пештерді жөндеңіз, мұржаларды айына кемінде бір рет тазалау қажет;
- пешті тез тұтанатын сұйықтықтармен жағуға жол бермеу керек;
- пеш жағуды үйден шыққанға дейін кемінде 2 сағат бұрын тоқтатыңыз.