Алматыда мас күйде көлік жүргізген әйел жаяу жүргіншіні қағып өлтірді
Жол-көлік апаты МEGA Alma-Ata сауда орталығының қарама-қарсысында орын алған
Алматыда мас күйде көлік жүргізген әйел тротуарда кетіп бара жатқан жүргіншіні қағып өлтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy СТВ арнасының «Территория проишествий» бағдарламасына сілтеме жасап.
Жол-көлік апаты МEGA Alma-Ata сауда орталығының қарама-қарсысында орын алған. Куәгерлердің айтуынша, Hyundai автокөлігі Розыбакиев көшесімен оңтүстік бағытқа қарай кетіп бара жатқан. Көлік тізгінінде 1992 жылы туған келіншек болған. Болжам бойынша жүргізуші рөлде отырып қалғып кеткендіктен, көлікке ие бола алмай, жол шетіне шығып кеткен. Соның салдарынан сауда орталығының көлік тұрағына кірер тұста тұрған жаяу жүргіншіні басып барып бір-ақ тоқтаған.
Жол-көлік апаты салдарынан жүргізушінің беті-қолы аздап сырылғанымен, жаяу жүргінші алған жарақатынан сол жерде тіл тартпай жантәсілім еткен.
Медициналық тексеруден кейін жүргізуші әйелдің алкогольді ішімдік ішіп, мас күйде болғаны анықталды.
Қайтыс болған ер адамның қалтасында ешқандай құжаты болмағандықтан, оның жеке тұлғасы әлі анықталған жоқ.