Алматы облысында дәретхана қағазын шығаратын цехта жарылыс болды
Апат салдарынан бір адам қаза тапты
29 қазан күні сағат 11.31-де Алматы облысы ТЖ департаментіне Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында дәретхана қағазын шығаратын цехта қағаз кептіруге арналған қазандықтың жарылғаны және ішінара шатырдың құлағаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнында өрт болған жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлінің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, апатты жағдайдың салдарынан 1983 жылы туған бір жұмысшы қайтыс болды (үйіндінің астында қалған оның денесін ТЖД күштері шығарып алды). Ал 1999 жылы туған тағы бір жұмысшы түрлі жарақатпен Ұйғыр ауданының орталық ауруханасына жеткізілді.
Цехтың ауданы 200 шаршы метрді құрайды. Апат орнының көлемі – 25 шаршы метр. Цехтың төбесі шатыр түрінде жасалған, бір қабатты, профильді жабындымен жабылған, қабырғасы – сплитерлік блок. Алдын ала болжам бойынша, апатты жағдай өндіріс технологиясының бұзылуынан болған.