Соңғы 17 жылда жол апатынан қаза тапқандардың 50 пайызы – жастар
Жол апатына әсер ететін негізгі факторлар айтылды

Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанда соңғы 17 жылда ресми түрде 270 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 49 мың адам қайтыс болып, 300 мыңнан астам адам түрлі деңгейде жарақат алған. Өкінішке қарай, қаза тапқандардың 50 пайызы – жастар. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Жол активтері сапасының ұлттық орталығы бас директоры Замир Сағынов мәлімдеді.
«Азия даму банкінің» мәліметіне сүйенген орталық басшысы 2013 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары салдарынан ел экономикасына 9 млрд доллар шығын келгенін айтты.
«ДДСҰ деректеріне сәйкес, Қазақстан жол апаты бойынша рейтингте 171 елдің ішінде (100 мың адамға шаққанда өлім көрсеткіші – 17,6 адам) 74-ші орында. 2019 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі бұл көрсеткіш 10,4 болды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 41 пайызға азайғанын көрсетеді» - деді Замир Сағынов.
Орталық басшысы Замир Сағынов жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларына қатысты статистиканы ұсынды.
«Соңғы бес жыл ішінде жаяу жүргіншіні қаққан 37 мың оқиға тіркелді. Олардың 75 пайызы жаяу жүргіншіге арналған жолақтарда болған», - деді Сағынов.
Спикер жол апатына ауа райының қолайсыздығы мен жолдың сапасы әсер еткенімен, негізгі себебі адами факторға да байланысты екенін алға тартты. Ең өкініштісі, көлікті үлкен жылдамдықпен айдайтын жүргізушілер азаймай отыр.
Осы мәселені шешу үшін Жол активтері сапасының ұлттық орталығы полициямен бірлесіп, автожолдардағы камера санын көбейтіп, орташа жылдамдықты анықтау туралы заңнамалық әдісті енгізуді ұсынған.
Көлікпен мал қағып кету жағдайы да азаймай отыр. Әсіресе, қараусыз қалған үй жануарын қағу оқиғасы жиі тіркеледі екен.
«Соңғы бес жылда көлікпен малды қаққан 643 оқиға тіркелді. Мұндай жағдайда тек материалдық шығынды өтеп қоймай, жүргізушілердің ауруханаға түсіп, тіпті мерт болған жағдайлары да кездесті. Өткен жылдың өзінде республикалық жолдарда осындай 104 оқиға тіркелген. 140 адам жарақат алып, 36-сы көз жұмған», - деді Замир Сағынов.
Замир Сағынов жол ережесін қатаңдатып, мал иелерін жауапкершілікке тарту мәселесінің механизімін заңдық негізде бекіту керек екенін ұсынды.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан