Қостанайда сотталған шенеунік түрмеде ет жеп, виски ішіп жүр
Қостанайда сотталған шенеунік түрмеде теледидар көріп, ет жеп, виски ішіп жүр, деп хабарлайды Астана арнасы
Оның бұндай әрекетін әлдекімдер жасырын түрде видеоға түсіріп, желіге салған. Роликті түсірген адам оқиға Қостанайдағы 161/2 колониясында болған дейді. Төрт адам түрме емес, қонақта отырғандай. Колония ішінде дастархан жайылып, теледидар қосулы тұр, тіпті, терезеге перде ілінген. Анықталғандай, бұл камерада Батыс Қазақстаннан келген экс-шенеунік те бар көрінеді. Спорт басқармасының бұрынғы жетекшісі Мүслім Оңдағанов 200 миллионнан астам теңгені жымқырғаны үшін 12 жылға сотталған.
Видео авторының сөзіне сілтеме жасап, Астана арнасы хабарлағандай, түрмедегі заңсыздық бұл ғана емес. Түрме әкімшілігі қылмыстық топтардың басшылары режимді бұзып жатса да, көз жұма қарайды. Тіпті, сотталғандарға еркіндік берген адамдардың да аты аталып отыр. Жергілікті қылмыстық-түзету жүйесі департаменті бұндай фактілердің болғанын растады. Қостанай колониясындағы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан