$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.10.2020, 17:47
Оқиғалар

Екі полицейдің өліміне себепкер болған күдікті ауруханада жатыр – ІІМ

Тұрғымбаев жол апатынан қаза тапқан екі полицейдің отбасына көңіл айтты

Екі полицейдің өліміне себепкер болған күдікті ауруханада жатыр – ІІМ
Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бүгін Ақмола облысы Щучинск қаласында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан учаскелік полиция инспекторлары Қанат Отарбаев пен Қанат Хамидуллиннің отбасына қайғырып көңіл айтты. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды. 

Жол-көлік оқиғасы бүгін Щучинск қаласында болды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларына қатысып, оқиға орнынан қайтып келе жатқан. Осы кезде Lexus жүргізушісі жол ережелерін елемей, бағдаршамның қызыл жанғанына қарамастан жоғары жылдамдықпен өтіп, «Нива» қызметтік көлігімен соқтығысқан. Полиция қызметкерлері алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмды.

Жүргізушінің бұрын көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Қазір күдікті полицияның күзетуімен ауруханада жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, бұл бапта 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Полиция капитаны Қанат Айдарбекұлы Отарбаев ішкі істер органдарында 16 жыл қызмет еткен. Қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін 22 рет көтермеленген. Артында жұбайы мен үш баласы қалды, олардың ең кішісі 3 жаста.

Полиция капитаны Қанат Болатұлы Хамидуллин ішкі істер органдарында 12 жыл қызмет еткен және осы уақыт ішінде 23 рет көтермеленген. Марқұмның артында жүкті әйелі мен жеті жасар ұлы қалды.

«Олардың кәсібилігі мен парасаттылығын, өз қызметіне адалдығын басшылық та, халық та бағалаған. Олар әріптестерінің арасында сыйлы болды. Ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы қаза тапқандардың туыстарымен және жақындарымен бірге қайғырады», – деп атап өтті министр Ерлан Тұрғымбаев.

Серіктес жаңалықтары