Қызылорда облысында әкім шеше алмаған күріш дауының соңы жаппай төбелес пен атысқа ұласты
Экс-шенеуніктің күзетшілері диқандарды көлікпен қуып, үшеуін қағып кеткен
Қызылорда облысы Асқар Тоқмағамбетов ауылында күрішін ормақ болған шаруаларға жалдамалы күзетшілер оқ атып, автокөлікпен қағып, бірнеше адамды жарақаттаған. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Сырдария ауданындағы күріш алқабының дауын не аудан, не облыс әкімі шеше алмаған болатын. Алты айға созылған айтыстың соңы ақыры жаппай төбелеске ұласты.
Тоқмағамбетов ауылы тұрғындары мен инвестордың (Қызылорда облысы әкімінің бұрынғы орынбасары – авт.) арасындағы дау туралы бұған дейін жазған едік. Ауыл адамдары мәселені облыс басшылары дер кезінде шеше алмағандықтан, жағдай шиеленісіп кеткенін айтады. Соңғы төбелес 11 қазан күні болған. Жалдамалы жерге еккен күрішін жинау үшін тұрғындар комбайн апарған. Бірақ, бұл жолы да полиция мен инвестор Алдоңғаровтың күзетшілері жолды бөгеген, ораққа түскен комбайннің алдына көліктерін көлденең қойған. Бұған ашуланған ауыл адамдары атпен күзетшілерді тықсырып, комбайнның жолын ашып бермек болған.
«Төбелес кезінде адам көп болды. Алдоңғаровтың күзетшілері екі жаяу адамды, бір атты адамды қағып жарақаттады. Оқиғадан соң факт бойынша полиция кінәлілерді ұстап, тоқтату керек еді. Олар еш әрекет жасамады. Алдоңғаровтың Алматыдан әкелген күзетшілері қалаға кері қайтып кетті, оларды полиция ұстаған жоқ. Одан бері үш күн өтті. Ақпарат тарап кеткен соң шығар, енді ауруханада жатқандар мен ауыл адамдарына полиция келіп, арыз жазып беріңдерші деп жүр. Фактімен-ақ олар іс қозғай алар еді, бұлардың әрекеттерін түсіне алмадық», - деді А.Тоқмағамбетов ауылының Мағауия есімді тұрғыны.
Оқи отырыңыз: «Әбдіқалықова шынымен ханның қызы ма?» Қызылорда облысында жерін даулаған тұрғындарды әкім қабылдамады
Ауыл халқының түсіндіруінше, алқаптағы күрішті ақыры ауыл адамдары өздері орып алатын болған. Оған инвестор амалсыз келіскен көрінеді. «А.Тоқмағамбетов» ЖШС-нің 105 гектар жерін жалға алған Азамат Сқақов пайы бар үлескерлерге 80 тонна күріш беруі тиіс болған. Бұл – жердің жал ақысы. Бірақ шаруашылықтағы мүліктің 90%-ын иемденген Алдоңғаровтар оларға тағы бір талап қойыпты.
«Күрішті өзіміз толықтай орамыз дегенмен, тағы бір мәселе шықты. Жерді жалға алу құны 80 тонна күрішпен өтелуі тиіс еді. Алайда, ол күрішті Алдоңғаровтың әйелі «Өзім аламын, ешкімге бермеймін» деп жатыр. Негізі ол күріш пайы бар үлескерлерге таратылуы тиіс. Кеше түстен кейін алқапқа аудан әкімі, прокуроры, бас полициясы және Алдоңғаровтың әйелі, ұлы, қарындасы келді. Алқапта жүз шақты адам болған еді. Инвестордың (М.Алдоңғаров – ред.) «қамқорлық» танытқанын айтты да, жылдам кетіп қалды», - деді кәсіпкер Азамат Сқақов.
Мәселеге журналистер араласқаннан кейін аудан әкімдігі шаруаларға проблеманы шешеміз деп уәде берген екен. Алайда, бір апта өтсе де сең қозғалмады дейді диқандар.
«Бір апта өтті, тыныш, күріштің уақыты кетіп барады. Бұлай болмайды деп қырманға бардық. Тағы сол күзетші мен полиция келді. Алдоңғаровтың Алматыдан алдырған күзетшілері тапаншадан аспанға бір, халыққа қарай бір оқ атты. Сосын екінші күзетші автоматты алып шығып, оқпанын сатырлатып дайындады. Кәрісі бар, аналар мен балалары бар, жүзден астам адам тұрған, шу болып кетті. Прокурорға «Мыналарды тоқтатыңдар» дедім. Олар үнсіз тұр. Таңертеңнен кешкі төртке дейін осы жанжал жалғасты», - деді ауыл тұрғыны Самат Диуанов.
Оқи отырыңыз: Қызылордалық шенділер мен полицейлер күріш еккен шаруаларды қып-қызыл шығынға батыруы мүмкін
Аталған жағдайға байланысты Сырдария ауданы әкімдігі түсінік берді. Айтуларынша, қос кәсіпкердің дауы ақыры шешілген көрінеді.
«Асқар Тоқмағамбетов Жер» ЖШС-на тиесілі алқапқа егілген 105 гектар күрішті жинауға қатысты келіспеушілік туындады. Бұл мәселе Қызылорда облысы әкімінің қатысуымен шешілді. Бүгін аталған ЖШС жарғылық капиталының 90 пайызын иеленуші Алдоңғаров, қамқоршы Бисенбаева халықпен келісімге келді. Нәтижесінде, 105 гектардағы күрішті "Азамат" шаруа қожалығының төрағасы А.Сқақов жинайтын болды», - деді Сырдария ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ауыл адамдарына оқ атқан «AzamatSecurityGroup» күзет агенттігінің күзетшілері екен. Олар травматикалық қарумен («МР-47») аспанға қарата бір рет ескерту оғын атқан болып шықты. Енді осы әрекеті үшін олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 252-бабымен (өкілеттігін асыра пайдалану) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған.
«Күріш алқабында болған жанжал салдарынан «А.Тоқмағанбетов» ЖШС-нің заңгерін ауыл тұрғындары ұрып, дене жарақатын салу дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы қоғамдық тәртіпті сақтамай, бұзақылық қылмысын жасау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл іс облыстық прокуратура және Полиция департаменті бастығының бақылауында. Сырдария ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері тарапынан заңсыз іс-әрекеттер немесе кәсіпкерлікке кедергі келтіру дерегі орын алмаған, қызметкерлер заң шеңберінде өздеріне тиісті міндетін атқарды», - деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы