Әкімдік Көкшетау тұрғындарының үрейін алған тікұшақ жайлы түсіндірді

Ақмола облысы аумағында терроризимге қарсы жоспарлы оқу-жаттығу өтіп жатыр

Әкімдік Көкшетау тұрғындарының үрейін алған тікұшақ жайлы түсіндірді

13 қазан күні таңертең Көкшетау қаласының төбесінен арлы-берлі ұшқан тікұшаққа қатысты әлеуметтік желілерде елді елең еткізетін түрлі хабарламалар тарады. Жазбалардың мазмұны «тікұшақ адам денсаулығына зиян сұйықтық шашып жатыр-мыс» дегенге келеді. Қала тұрғындарының үрейін алған жағдайға қатысты облыс әкімдігі түсініктеме берді.

Әкімдіктің айтуынша, қала тұрғындары үшін алаңдайтын ештеңе жоқ. Облыс орталығын айнала ұшқан тікұшақ терроризимге қарсы жоспарлы оқу-жаттығу жұмысын жүргізген.

«Осы жылдың 9 қазанынан 23 қазаны аралығында Көкшетау қаласында Ақмола облысының терроризмге қарсы күрес бойынша облыстық жедел штабы әскери техникалар және арнайы автокөліктермен жоспарлы оқу-жатығу жұмыстарын өткізіп жатыр. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтарынан сабырға келіп, оқу-жатығу жұмыстарына түсіністікпен қарап, шындыққа жанаспайтын ақпараттарды таратпауға шақырамыз.

Таңертеңнен бері қоғам арасында сан түрлі пікірлер тудырып, әлеуметтік резонанс тудырған жағдайға байланысты мәселені дұрыс түсінбекшілік орын алғаны байқалды. Әлеуметтік желілерде тікұшақтың адам денсаулығына елеулі зиян тигізетін сұйықтарды шашып жатыр деген сипаттағы жарияланымдар жалған екендігін хабарлаймыз. Тек ресми таратылған мәліметтерге ғана сену қажет. Жалған ақпарат тарату  Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келеді. Сондықтан әкімшілік жаза тағайындалуы да мүмкін», - делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.

Ақмола облысының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаменті мамандары қала тұрғындарын шындыққа жанаспайтын ақпараттарға сенбей, тыныштық сақтауға шақырды.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.