ШұғылӨткен тәулікте қанша адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Екі адам зардап шекті: Ресейде оқ-дәрі қоймасы жарылып жатыр

Құрғақ шөптің жануынан басталған өрт біртіндеп оқ-дәрі қоймасына тараған

Фото: «Новости Рязани ВКонтакте»

Ресейдің Рязань қаласы маңындағы әскери бөлімнің аумағында оқ-дәрі қоймасы жарылып, екі тұрғын ауруханаға жеткізілді. Жарылыстан зардап шеккен әйел адамның жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр. Бұл туралы РИА Новости агенттігі хабарлады.

Белгілі болғандай, күндіз сағат 13.20 шамасында Рязань облысының Желтухино елді мекені маңындағы Батыс әскери округінің снарядтар қоймасы аумағында шөп өртенген. Өрт біртіндеп артиллериялық қару-жарақ қоймасына қарай жайылып кеткен.

Оқиғаға байланысты «Каспий» федералдық тасжолы жабылған.

Әскери округтің баспасөз қызметі от тиген оқ-дәрілердің әрбір 5-10 секунд сайын жарылып жатқанын мәлімдеді.   

«Әскери бөлімнің штаттық өрт сөндіру бөлімі отты ауыздықтауға тырысқанымен, өртті тоқтату мүмкін болмай қалды. Оқ-дәрілер жарылысынан зардап шеккен екі тұрғын Скопинскідегі аймақаралық медициналық орталыққа жеткізілді. Шамамен, 45 жастағы әйел адам ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылды. Ол бассүйек-ми жарақатын алған. Ал 53 жастағы ер адам орташа ауыр жағдайда травматологиялық бөлімге жатқызылды», - делінген агенттік хабарламасында. 

Қазіргі уақытта жарылыс болып жатқан аумақтан 3 шақырым қашықтықта орналасқан ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.