Коронавирустан 182 медицина қызметкері көз жұмды
Оның ішінде 45 өтінім бойынша төлемақы берілген
Пандемия жарияланғалы бері ел бойынша 12 830 медицина қызметкері COVID-19 бен пневмония жұқтырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Кәсіптік қызметті орындау кезінде 182 медицина қызметкері көз жұмған. Оның ішінде 45 өтінім бойынша төлемақы берілді, деп мәлімдеді ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Төрағасы Тимур Сұлтанғазиев.
«Кәсіптік қызметті орындау кезінде 182 медицина қызметкері көз жұмған. Оның ішінде 82 жағдай қаралды, қазіргі уақытта өтінімнің 45-і сәйкесінше төлемақыны алды. Яғни, 82%-ы расталды»,- деп мәлімдеді Тимур Сұлтанғазиев.
Айта кетерлігі, пандемия жарияланғалы бері бүкіл ел бойынша 12 830 медицина қызметкері COVID-19 жұқтырып, пневмониямен ауырған.
«Оның ішінде кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде инфекция жұқтыру бойынша 8 442 өтінім келіп түсті. Өңірлік деңгейде олардың 68%-ы немесе Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйелеріне енгізілген 5 559 жағдай расталды», - деді Тимур Сұлтанғазиев.
Спикердің айтуынша, 4 550 медицина қызметкері өтемақы алды, бұл өңірлік комиссиялар растаған өтінімдердің 81%-ын құрайды.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан қайтыс болған 45 дәрігердің отбасына 10 млн теңгеден берілді
Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан