Бішкектегі тәртіпсіздік: наразы топ Алмазбек Атамбаевты түрмеден босатып, Ақ үйге басып кірді

Елдегі болып жатқан тәртіпсіздікке қатысты ел басшылығынан ешкім әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ

Бішкектегі тәртіпсіздік: наразы топ Алмазбек Атамбаевты түрмеден босатып, Ақ үйге басып кірді

Бішкектегі наразы топ Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына басып кірді. Арнайы жасақ шерушілердің алдында тізе бүкті. Қазіргі уақытта олар елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев абақтыдан босатып алған. Бұл туралы 24.kg агенттігі хабарлады.

Сонымен қатар, кеше кешкі сағат 20.00-ден бастап құқық қорғаушылармен ашық қақтығысқа түскен шерушілер Ақ үйге де ақыры басып кірген деген ақпарат тарады. Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері Ақ үй ғимаратты тастай қашқан.

Жағдайдың ушығып кетуіне байланысты Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков түнгі сағат 2.00 шамасында Бішкекке жетіп, барлық саяси күштермен жеке диалог орнатуға тырысқанымен, ол әрекетінен еш нәтиже шықпаған.

Бірнеше жүздеген адам Жогорку Кенештегі депутаттар кабинеттерінің есігін бұзып кіріп, оргтехниканы сындырып, дүние-мүлікті талқандаған, кітап-қағаздарды өртеген. Сондай-ақ сувенирлер мен құнды бұйымдарды талан-таражға салып, тасып әкеткен.

Ақ үйге басып кірушілердің арасында Алмазбек Атамбаевтың ұлы да бар делінген хабарламада.

Бір айта кетерлігі, Парламент сайлауының алдын ала қорытындысымен келіспеген партиялардың басшылары шерушілер арасынан көрінбеген.

Қазірше елдегі болып жатқан тәртіпсіздікке қатысты ел басшылығынан ешкім әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.