Таразда пәтер ұрлығымен айналысатын күдіктілер ұсталды
Ұсталғандар ұрлаған құнды заттарды ломбардқа тапсырып отырған
Жамбыл облысында бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен екі азамат ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін өткізу барысында Тараз қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері Тараз қаласының аумағында бірнеше рет пәтер ұрлығын жасады деген күдікпен 24 және 27 жастағы екі ер адамды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
Келтірілген материалдық шығын 650 мың теңгені құрайды. Осы фактілер бойынша ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
«Олар көбіне есіктеріне тез ашылатын құлып орнатылған пәтерлерді таңдаған. Пәтерде үй иесінің жоқ екенін тексеру үшін есіктерін қағып, мекенжайда ешкімнің жоқ екеніне көз жеткізгеннен кейін кілттерді іріктеу арқылы пәтерлерге кірген. Ұсталғандар құндыз тон, ақша, ноутбук және басқа да құнды заттарды ұрлаған. Кейін бәрін ломбардқа тапсырып отырған», - делінген ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта ұсталғандарға пәтер ұрлықтарының үш эпизоды бойынша айып тағылды.
Қазіргі таңда криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері олардың бұрын жасалған осындай қылмыстарға қатысының бар-жоқ екенін тексеруде.