Бішкекте Ақ үй өртенді

Жалынды ауыздықтауға өрт сөндірушілердің 7 тобы жұмылдырылған

Бішкекте Ақ үй өртенді

Бішкекте Ақ үй өртенді.  Парламент пен президент әкімшілігі отыратын ғимаратқа митингке шыққан халық басып кірген болатын. Жалынды ауыздықтауға өрт сөндірушілердің 7 тобы жұмылдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Sputnik Қырғызстан агенттігіне сілтеме жасап. 

Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, ғимараттан шығарылған халықты тәртіп сақшылары түгелдей тінткен. Бұл әрекет ұрлықтың алдын алу масатымен түсіндірілді. 

Жексенбі, 4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарды сайлау өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік етті. Дауыс берудің алдын ала мәліметі бойынша, 7% межені 4 партия еңсерді.

Ал 5 қазан күні сайлау нәтижесіне көңілі толмаған бір топ адам орталық алаңда митинг ұйымдастырып, одан кейін Ақ үйге беттеді. Оларды тарқату үшін милиция көз жасаурататын газ, суатқыш және газ-шуылды құрылғылар қолданған. Бішкек уақытымен сағат 22.00-дегі мәлімет бойынша, ауруханаға зардап шеккен 16 адам жеткізілген. Елдің Ішкі істер министрлігі митингті ұйымдастырушылар мен партия басшыларын өз жақтастарын үйлеріне қайтаруға шақырды. Кейін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 6 қазан күні парламенттік сайлауға қатысқан барлық 16 партия басшысымен кездесетіні мәлім етілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.