ШҚО-да 20 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырмақ болғандар ұсталды
Оқиға Глубоковский, Ұлан аудандарында болған

Шығыс Қазақстан облысының Глубокое мен Ұлан аудандарында ЖШС басшылары «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына деп бөлінген қаражатты жалған құжат рәсімдеу арқылы өздері иемденіп келген, деп хабарлайды ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі.
ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаменті жүргізген «Қазына» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында мемлекет қаржысын жымқырудың екі бірдей дерегі анықталған.
«Глубокое ауданында ЖШС директоры азаматтарды жұмыс күші артық аймақтардан жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға қоныстандыру және қоныс аудару туралы жалған мәліметтерді ұсынып, 6,8 мл теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырғаны белгілі болды. Шындығында, бағдарламаға қатысушылар (қоныс аударушылар) ШҚО-ның аумағында іс жүзінде тұрып, еңбек қызметін жүзеге асырмаған. Ұлан ауданында осыған ұқсас 13,4 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру фактісінің жолы кесілді. Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 189 (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) және 190 (алаяқтық) баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген аталған хабарламада.