Храпуновтың ұлы Швейцария азаматтығын ала алмай жүр

Ильяс Храпунов осымен екінші рет Швецария азаматтығын ала алмай қалды

Храпуновтың ұлы Швейцария азаматтығын ала алмай жүр

Швейцарияның көші-қон жөніндегі мемлекеттік хатшылығы Қазақстаннан қашып кеткен бұрынғы шенеунік, кезінде Алматының әкімі болған Виктор Храпуновтың ұлы Ильяс Храпуновтың азаматтық алуға берген өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы 20min сайтына сілтеме жасаған Курсив ақпарат агенттігі хабарлайды.

Федералды әкімшілік соты Виктор Храпуновтың отбасына қатысты жүріп жатқан қазіргі соттар ұлының азаматтық алуына кедергі келтіріп отыр деген пайымдама берген.

«Швейцарияда ақша жымқырды деген күдікпен Храпуновтардың отбасына қатысты қылмыстық іс жалғасып жатыр. Оларға қатысты АҚШ пен Англияның да арызы бар. Ал швейцариялық сот Ильяс Храпуновтың анасынан алған миллиондаған долларына қатысты көп сұрақтың жауабын іздеп отыр», - деп жазады дереккөз.

Ильяс Храпунов бұған дейін де, дәлірек айтсақ, 2006 жылы екі баласымен бірге Швейцария азаматтығын сұраған болатын. Ол кезде Швейцария соты оның арызын қанағаттандырмаған, бірақ, жеке өз басына тағы да азаматтық сұратуға болады деген құқық берген. 2009 жылы ол жеке басына азаматтық алу туралы өтініш беріп, кейін өтінішін қайтарып алған болатын. Өйткені, Ильяс Храпуновқа жол ережесін бұзғаны үшін екі айыптау үкімі тағылған. Айыптау туралы жазбалар жойылған соң, Ильяс Храпунов азаматтық алу процесін қайта бастаған.

Естеріңізге сала кетейік, Ильяс Храпунов Швейцарияға алғаш рет 12 жасында, 1998 жылы барған еді. Ол кездегі мақсаты – білім алу болған. Ал, оның әке-шешесі 2008 жылы Женеваға көшкен.

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі хабарлағандай, 2020 жылдың үшінші қыркүйегінде Виктор Храпунов пен Ильяс Храпуновқа АҚШ-та сот өндірісінің тәртібін бұзғаны үшін айыппұл салынған. АҚШ соты Храпуновтар жалған мәлімет бергенін, заң жүзіндегі міндеттерін орындамай, қандай да бір дәлелдерді әдейі жойып отырғанын алға тартып, оларға айыппұл салған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.