182 млн теңге. Атырау облысы әкімі бірінші орынбасарының адвокаты түсініктеме берді
Кейін адвокат Facebook желісіндегі жазбасын өшірді

Нұрлан Таубаевтың адвокаты Игорь Вранчев кешегі облыс әкімі орынбасарының ұсталғаны жайлы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Ақ Жайық».
«Шынымен, 10 қыркүйекте сағат 15.10-да ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері оның (Таубаев – ред.) үйіне келіп, әлдебір жағдайларды анықтау үшін өздерімен бірге бір сағатқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ғимаратына бару керектігін айтқан. Оны жеткізгеннен кейін оған қамауға алынатындығы туралы хабарлайды, бірақ не үшін, қандай іс бойынша екені айтылмаған», - деп жазды ол.
Адвокат Вранчевтің айтуынша, тергеуші Кукатов оның неге күдікті болғаны және қамауға алудың мән-жайы туралы сұрағына жауап бере алмаған.
«Кешкі сағат 17.00-де қамауға алу хаттамасы дайын болды, бірақ қандай негізде ұсталғаны, сондай-ақ, не нәрсеге күдіктелгені туралы сұраққа жауап ала алмадық, - дейді адвокат. - Әрі қарай, енді тергеуші Д.Сахариев Н.Таубаевтан «Сіз куәлік бермейсіз, бас тартасыз, солай ма?» деп, жауап алмақ болады. Оған Н. Таубаев куәлік беруден бас тартпайтынын, бірақ оған не үшін және қандай іс бойынша ұсталғанын, немен күдіктеліп отырғанын түсіндіруін сұрайды», - дейді ол.
Адвокаттың айтуынша, төрт сағаттың ішінде өзі де, ол да (Таубаев – ред.) БАҚ-та пара алғаны, кімнен қандай мөлшерде және кім алғаны туралы ақпаратты біле алмаған.
«Мен Атырау сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ғимаратынан 20 сағат 12 минутта шықтым, Н.Таубаевты уақытша ұстау изоляторына алып кетті», - деп жазды И.Вранчев.
Еске сала кетейік, 10 қыркүйекте БАҚ-тарда 182 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаров ұсталғаны туралы ақпарат тарады.