Шымкентте шетінеген сәбилер тамақ пен газдан уланбаған
Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті 3 қараша күні «тамақтан уланудан» бір отбасының екі баласы көз жұмғанын хабарлаған болатын
Ауруханаға бір отбасы «тамақ токсикоинфекциясы» алдын ала диагнозымен жеткізілген. Осыған орай, Шымкент қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті 3 бағытта тексеріп-анықтау жұмыстарын атқарған.
«Біріншісі – тағамнан улану жағдайының болған-болмағанын анықтау мақсатында аудандық басқарма мамандары отбасының үйінде қалған тамақ қалдықтарын алып, зертханалық тексеруге жолдады, сондай-ақ тұшпара сынамасы дүкеннен алынып, зерттеуге жолданды. Зертханалық тексерулер нәтижелері бойынша талапқа сай емес сынамалар анықталған жоқ, тамақ қалдықтарынан астан улануға әкелетін себеп анықталмаған», - деп хабарлайды Шымкент қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіндегілер.
Департамент өкілдерінің айтуынша, екінші бағыт – бұл үйде орталықтандырылған газ жүйесі болмағандықтан, тамақ пісіру үшін газ баллоны қолданылған, сонымен қатар үй иелері бір бөлмеде тамақтанып, сол бөлмеде ұйықтайтын болғандықтан, токсикологиялық улану бар-жоғын анықтау мақсатында жабық бөлме ауасынан ауыр металл мен сынаптарға зерттеуге сынамалар алынды. Зерттеу нәтижесінде улануға алып келетін заттар анықталған жоқ. Бір айта кетерлігі, пәтерде бұл отбасынан бөлек әйелдің туысқан әпкесі де тұрады және оның өз денсаулығына шағымы болмаған.
«Үшінші бағыт – медициналық қызмет көрсеткен мекемелерге көрсетілген қызметтің сапасын анықтау мақсатында тексеру тағайындалды», - дейді департамент өкілдері.
Айта кетейік, 3 қараша күні Шымкентте бір отбасының 4 мүшесі уланып, 2 баласы ауруханада көз жұмған еді.
Арай Есенбек, Шымкент