Шымкентте тұрғындардың тыныштығын бұзғандар жауапқа тартылды
Тәртіп бұзғандарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды
Шымкентте қала тұрғындарының тыныштығын бұзған мас екі ер адам уытсыздандыру орталығына жеткізілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қырқүйекте қала тұрғыны «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы Жангелдин көшесінде орналасқан қонақүйге келетін азаматтар масаң күйде қоғамдық орындарды ластап, спирттік ішімдік ішіп, пісте шағып, қалдықтарын тастап кететіні туралы ақпаратты Полиция департаментінің парақшасына жолдаған. Шымкент қаласы Жангелдин көшесі бойында сағат 20:00 мен 00:00 аралығында үй аулаларында түнгі уақытта құқықбұзушылықтың алдын алу, азаматтардың түнгі тыныштықтарын сақтау және шағымда көрсетілген келеңсіз жағдайларды болдырмау мақсатында рейдтік іс-шара жүргізілді.
Соның нәтижесінде, қоғамдық орында мас халде жүргені үшін екі азамат Шымкент қалалық уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығына орналастырылып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігімен хаттамалар толтырылып, бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар Шымкент қаласының Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің екі қызметкері бөлініп, аталған аумақта орын алып жатқан келеңсіз жағдайларды болдырмау, қылмыс пен әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жұмыс істеуде.