«Өзеннен су ішкен жылқы өлді». Степногорск қаласының іргесіндегі ауылдарда экологиялық ахуал ушығып тұр
Ақмола облысында алтын өндіретін компаниялар мен жергілікті тұрғындар арасындағы дау әлі шешілер емес
Ақмола облысы Степногорск қаласының іргесіндегі Ақсу, Бестөбе, Жолымбет және Заводской ауылдарының тұрғындары жанындағы алтын өндіретін кәсіпорындардан шығатын түтіннің зардабын тартып келе жатқанына көп болған. Ауыл тұрғындары жергілікті билікке, кәсіпорын басшыларына қанша шағымданғанмен, әзірге бұл мәселе шешімін таппаған.
Жақында Экология министрлігінің өкілдері өңірге ат басын бұрып, кәсіпорындардың мемлекеттік экологиялық қорытындысыз алтын қалдықтарын сақтау орындары мен жаңа алтын өндіру фабрикаларын салып жатқаны белгілі болды. Заңға қайшы әрекетке барғаны үшін зауыт басшылары жауапкершілікке тартылып, құрылыс жұмыстарына тоқтау салынды. Дегенмен, жиын тарқаған соң зауыттағы қауырт тірлік қайта қарқын алыпты. Өңірдегі даулы ахуалды Azattyq Rýhy тілшісі саралап, тараптардың пікірін тыңдап көрген еді.
ӨЗЕННЕН СУ ІШКЕН БІР ЖЫЛҚЫ, БІР СИЫР ӨЛДІ
Алтын өндіретін орындарға жақын ауылдар шаң-тозаңның астында қалған. Тіпті, қою түтіннен үйлердің қарасы көрінбей қалатын сәттер де жиі кездеседі екен. Бұл туралы Ақсу кентінің тұрғыны Александр Сизов айтып берді.
«Мен «Қазақ Алтын» компаниясында отыз жылдан астам уақыт қызмет еттім. Қарапайым слесарьдан бастап, цех басшысының орынбасарына дейін өстім. Сондықтан, алтын өндіретін кәсіпорындардан келетін залалды бүге-шүгесіне дейін білемін. Ақсу кентінің жанынан орналасқан Adelya Gold компаниясы халықтың пікірімен санаспастан, кен қалдықтарын сақтайтын орын мен алтын өндіретін жаңа фабрика сала бастады. Оған қоса, жаңа нысан ауылдың сыртында ағып жатқан Ақсу өзенінің үстінен салынып жатыр. Алтын кенінің құрамындағы цианидті қалдықтар өзенге ағып, табиғатты ластауда. Жақында ғана осы арнадан су ішкен бір жылқы, екі сиыр өлді. Құбырлары әзірленбеген, жобалары жөндеп жасалмаған. Бірақ құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Жергілікті билікке де, облыс басшылығына да, Экология министрлігіне де шағымдандық. Шырылдап бармаған жеріміз қалмады. Компания осыдан үш жарым жыл бұрын тұрғындарға жарияламастан қоғамдық тыңдау өткізген. Онда жергілікті үш-төрт адамнан басқа халық болмаған. Сөйтіп, халықтың пікірін елемей, өз білгенімен фабрика салды. Қазір Ақсу кенті кен карьералары мен алтын кенінің қалдықтарын сақтайтын алып қоймалардың ортасында қалды. 4 кен байыту фабрикасы мен 6 карьерада күні-түні жұмыс жүріп жатыр. Шаң мен түтіннен дем ала алмайтын халге жеттік», - дейді Александр Сизов.
Қазір мұнда еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін түрлі ауруға шалдыға бастаған. Өңір тұрғындары облыс бойынша онкологиялық ауруға шалдыққандар саны жөнінен көш басында тұр.
«Экология министрлігінен келіп, кәсіпорындарды заңсыз әрекеті үшін жауапкершілікке тартып, жұмыстарына тоқтатқан. Алайда, Adelya Gold компаниясы оған да қарамастан зауыт жұмысын жалғастырып, құрылысын жүргізіп жатыр. Білуімізше, олар қазып жатқан кен орындарында 3,5-4 тоннаға дейін алтын қорының бар екені расталған», - деп толықтырды Александр Сизов.
«ХАЛЫҚ ЗАУЫТ ҚҰРЫЛЫСЫН ТАС-ТАЛҚАН ЕТУДІҢ АЛДЫНДА ТҰР»
Алтын өндіретін кәсіпорындардан тарайтын улы қалдықтар мен шаң-тозаңның зардабын жылдар бойы тартып келе жатқандардың қатарында Бестөбе ауылының тұрғындары да бар.
«Казахалтын Technology» компаниясы елдің рұқсатынсыз минералды қалдықтар өңдейтін фабрика салды. Онда алтынды цианидтен аршып алады. Қалдық қоймалары ауыл көшелері мен бұлақтың арасында салынған. Ал қоймадан шығатын улы сұйық қалдықтары бей-берекет төгіліп жатыр. Кәсіпорындардан шығатын шаң тоқтаусыз елге қарай тарайды. Дем алу мүмкін емес. Үйде есік-терезені мүлде аша алмаймыз. Тек жаңбыр жауған сәтте ғана бір сәт таза ауамен тыныстаймыз. Осыдан үш жыл бұрын бізде де халыққа хабарламастан қоғамдық тыңдау өткізілген. Оған ауыл тұрғындары арасынан төрт-бесе адам ғана қатысқан. Тіпті, тізімге қайтыс болған адамдар да кіріп, қолы қойылып кеткен. Осылай заңсыз жолмен кен байыту фабрикалары мен қалдық қоймаларын көбейте бастаған. Құрамына қоғамның белсенді азаматтары кірген арнайы бастамашыл топ құрғанбыз. Жағдайды бақылауға алуға тырыстық. Жергілікті биліктен бастап жоғарыдағы тиісті органдарға дейін хат жаздық. Экология министрлігі мен жергілікті билік өкілдеріне шағымдандық. Бірақ түк шықпады. Жақында министрліктің (Экология – авт.) өкілдері келіп, зауыттардың заңсыз әрекеттеріне тыйым салып, құрылыс жұмысын тоқтатты. Бірақ министрліктің бұл бұйрығы олардың ісіне әсер етпеген сияқты. Тиісті құжаттарын әзірлеп жатқанға ұқсайды. Қазір бөгеттерін кеңейтіп жатыр. Тиісті мемлекеттік органдардың жалтарма жауабынан шаршадық. Іс жүзінде ештеңе жоқ, тек қағаз жүзінде жауап береді. Әрине, біз кәсіпорындардың жұмысын түбегейлі тоқтатқымыз келмейді. Ел экономикасын көтеруге үлес қосатынын білеміз. Бірақ мұндағы адамдардың денсаулығы мен өміріне зор қауіп төніп отырғанын қалайша түсінбейді? Зауыт-фабрикаларды халық қоныстанған жерден отыз-қырық шақырым әрірек салса болатын еді ғой. Қазір мұндағы халық әбден ашынған, жағдай қатты шиеленісіп кетті. Бүлік шығарып, зауыт құрылысын тас-талқан етудің аз-ақ алдында тұр. Біз олай етудің қажет еместігін түсіндірумен келеміз, - дейді Бестөбе кентінің тұрғыны Николай Катчиев.
ЗАУЫТ ЖЕТКІЛІКТІ ДӘРЕЖЕДЕ ЕЛДІМЕКЕНДЕРДЕН ҚАШЫҚТА САЛЫНАДЫ - ADELYA GOLD
Жергілікті тұрғындар экологиялық жағдайдың осынша ушыққанын жеткізсе де, Adelya Gold кәсіпорны мұнымен келіспей отыр. Компания басшылығы уәжін Azattyq Rýhy тілшісіне де айтты.
«Зауыт әлі салынған жоқ. Құрылыс жұмыстары енді ғана басталды. Фабрика құрылысы бойынша жұмыс жүргізу үшін рұқсат беру құжаттарының толық тізбесі алынды. Атап айтқанда: өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасы, Ақмола облысы Экология департаментінің сараптамасы, көлемге қатысты жер актілері, тұрғындардың қоғамдық тыңдаулары, нысанға байланысты жер учаскесін таңдау актілері және басқа да құжаттар өткізілді. Қоршаған ортаға әсерін бағалау сараптамасынан өтті. Мал өлімі болып жатқаны жайлы мәлімдеме бізді таңқалдырды. Себебі, қазір зауыт жоспарда да жоқ», - делінген Adelya Gold компаниясы баспасөз қызметінің хабарламасында.
Компания басшылығы компанияда барлық рұқсат қағаздың барын, тексеру болған жағдайда бәріне дайын екенін айтты.
«Жоба экологиялық стандарттарға толық сәйкес келеді. Зауыт - заңмен бекітілген стандарттарға сәйкес, тұрғындарға ыңғайсыздық туғызбау мақсатында жеткілікті дәрежедегі қашықта орналасады. Модульдік қайта өңдеу зауытының жобасы жан-жақты пысықталып, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен экологияға қойылатын барлық талаптар, құрылыс нормалары мен ережелері (ҚНжЕ) және қажетті рұқсаттар, құзыретті мемлекеттік органдармен келісулер бекітілді. Ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы шығарылды. Тыңдау заңсыз өтті деп санайтын Ақсу қаласының бірнеше тұрғыны қатты қателеседі. Біз процедураны орындадық. Атап айтқанда, газеттерде, соның ішінде жергілікті газеттерде алдын ала хабарландыру жарияланды. Жарнамалар бағаналарға, соның ішінде Ақсу кентінде де ілінді. Әкімдікке хабарлап, олардан тұрғындарды жинауға көмек сұрадық. Бізде барлық растайтын құжаттар, хабарландырулар, хаттар мен фотосуреттер бар. Келуді қажет деп тапқандардың барлығы келіп, пікірін білдірді. Егер тұрғындардың қай-қайсысы да өз құқықтары бұзылды деп санаса, сотқа шағым түсіріп, сол жерде дәлелдерін айта алады. Біз тыңдаулар қатаң қолданыстағы заңнамаға сәйкес өткенін білеміз. Біздің компания ашық саясатты ұстанады және әлеуметтік тұрғыдан да жауапты. Бірінші күннен бастап біз халықпен кездесу өткізіп, жобамызды түсіндіріп, құжаттаманы көрсетумен келеміз. Қолымызда барлық рұқсат қағаздары болғанына қарамастан, бізге көршілес жатқан тұрғындармен тату болу маңызды. Сол себепті, тұрақты негізде кездесулер өткізудеміз. Тәжірибе көрсеткендей, ең алғашқыда тұрғындар біздің жобамыздың қандай болатынын әлі білмеген кезде аздап алаңдаушылық білдірді. Енді тұрғындардың көбі бұл жобаны қолдап отыр. Оған қоса, тұрғындардың дені біздің компанияға жұмысқа орналасып, жобаны іске асыруға атсалысуға келісіп отыр. Карьер жобасы заңдардың, нормативтік құқықтық актілердің, өндірістік және экологиялық қауіпсіздік ережелерінің барлық талаптарын сақтай отырып әзірленген. Барлық қажетті рұқсаттар алынып, облыстың және Қазақстан Республикасының құзыретті органдарымен келісілді», - деп жауап берді.
Компанияның айтуынша, өндіру процесі мүмкіндігінше қауіпсіз болады.
«Жабық бөлмелерде қынапты сілтісіздендіру арқылы металды алу үшін 3-5% натрий цианидінің ерітіндісін қолдану - әлемге танымал тәжірибе. Қалдық қоймасын пайдаланылған кен өнімдерімен толтыру кезінде ол ылғалды күйде болады. Су зауытта қайта өңделген түрінде қолданылады. Қалдық мөлшері толығымен детоксикацияланады және қоршаған ортаға мен тірі организмдерге зиян келтірмейді. Қалдық қойманың түбінде су өткізбейтін пленка салынады, ол жер қойнауына су өткізбейді, бұл флора, фауна, су және жер қойнауының қауіпсіздігіне кепілдік береді. Сондай-ақ модульдік байыту фабрикасының аумақтары мен объектілерінде көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі», - дейді Adelya Gold компаниясы баспасөз қызметі.
АҚСУ КЕНТІНДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ НАШАР ЕКЕНІН ӘКІМДІК ТЕ МОЙЫНДАП ОТЫР
Алтын өндіретін компаниялар мен тұрғындардың арасында келіспеушілік барын Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов те мойындады.
«Adelya Gold компаниясының басқа да кәсіпорындардың құжаттарын прокуратура мен облыстық Экология департаменті тексеріп жатыр. Бәрі заң жүзінде болуы тиіс. Мен бүгін ғана «Казахалтын Technology», Adelya Gold компаниясының басшыларымен сөйлестім. Халықпен өзара ымыраға келіп, кездесу өткізу қажеттігін айттым. Әрине, экологиялық ауыр жағдайда қалған халықты түсінемін. Дегенмен, алтын қалдықтарын орналастыратын орын болмағандықтан, компания осындай қадамға баруға мәжбүр болған. Олай етпесе, шахталарда жұмыс істеп жатқан 1500-ден астам адам жұмыссыз қалады. Біз олардың жұмысын тоқтата алмаймыз. Алтын өндіру мақсатында басқа да компаниялар келіп жатыр. Біз прокуратураға хабарласып, оның қаншалықты заңды жұмыс істеп жатқанын, қайдан келгенін анықтауын сұрадық. Бір компанияның барлауға лицензиялық құжатты 2016 жылы алғаны анықталды. Барлық құжаттары заңға сәйкес. Сондықтан мұның барлығын тиісті органдар заң аясында қарастырғаны жөн», - дейді Еркебұлан Баяхметов.
Ал Ақмола облысының Экология департаментінің басшылығы жағдайды толық бақылауға алғанын мәлімдеді.
«Бестөбе кентінің жанындағы «Казахалтын Technology» компаниясындағы заңсыздықтар анықталып, әкімшілік айыппұл салынды. Қазір іс құқық қорғау органдарына табысталды. Кәсіпорын басшылығы ауаны ластамайтын, жұмыс кезінде шаң-тозаң шығармайтын жаңа техникалық қондырғылар орнатуға міндеттелді. Ал Ақсу кентіндегі кен орындары экологиялық нормалар енгізілмей тұрғанда салынып қойған. Расында да, кенттің экологиялық жағдайы аса ауыр. Біз кенттің шаң-тозаңның астында қалмауын бақылауға аламыз. Қазір қала әкімдігі, қоғам белсенділері және басқа да тиісті органдардың реттеуімен Ақсу кентінің кен орындарына 1 шақырым жақын жерде орналасқан тұрғындарды көшіру мәселесі қарастырылуда», - дейді Ақмола облысы экология департаменті басшысының орынбасары Ержан Ахметов.
Өңірде туындаған ахуал жайында Экология министрлігінің де жауабын білдік. Жақында ғана аталған жай бойынша осы өңірде болып, жиынға қатысқан ведомствоның біздің сауалымызға берген жауабы төмендегідей болды.
Adelya Gold ЖШС-ы 2018 жылғы 12 сәуірде Степногорск, Ақсу тұрғындарының қатысуымен Қарабұлақ кен орнында алтын өңдеуге қатысты өңдеу қуаттылығы жылына 350 000 тоннаны құрайтын модулді байыту фабрикасының жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өткізген. Компания 2019 жылғы 3 қыркүйекте Қарабұлақ кен орнында алтын өңдеуге қатысты өңдеу қуаттылығы жылына 350 000 тоннаны құрайтын модулді байыту фабрикасының жобасына қоршаған ортаға эмиссияға (KZ68VCZ00442166) рұқсаты мен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын (C0102-0015/18) алған. Қазіргі таңда фабрика құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін дайындау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жер учаскесіне 2020 жылғы 19 желтоқсанда Степногорск қаласының әкімдігімен кадастрлық нөмірі 01-018-071-325 жерді пайдалану актісі берілген. Компанияның құзырлы органдарынан алған құжаттары нақты бар екені анықталды. Өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдар және кәсіпорындармен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпорындардан табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарын қатаң сақтау, өндіріске жаңа технологиялар енгізу арқылы қоршаған ортаға келтіретін зиян мөлшерін азайту шараларын жүргізу ұсынылып отырады. Жыл бойы өңірдегі кәсіпорындарға өндірістік экологиялық қадағалау жүргізіліп, қоршаған ортаға шығарылатын заттардың мөлшері бақылануда.
2018 жылғы 3 тамызында Қоршаған ортаға әсер ету бағасы (ҚОӘБ) материалдарымен «Өнімділігі жылына 350 000 тонна Қарабұлақ кен орнының кен өңдеу бойынша модульдік байыту фабрикасы» жобасы бойынша ашық жиналыс түрінде қоғамдық тыңдаулар өткізілді және оның қорытындысы бойынша қоғамдық тыңдаулар хаттамасы жасалған. Хаттаманың қорытындысына сәйкес, қоғамдық пікірді талқылау қорытындысы бойынша жоғарыда аталған жобаны мақұлдау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, қоғамдық тыңдаулар ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы № 135 бұйрығымен бекітілген «Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларына» сәйкес өткізіледі және мемлекеттік экологиялық сараптаманы өткізу кезінде қоғамдық тыңдауларды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұйымдастыратынын атап өту қажет.
Өңірдегі тұрғындарды экологиялық мәселеден бөлек, түрлі онкологиялық ауруға шалдыққан науқастардың көбеюі де алаңдатып отыр. Халық тек экономикалық өсімді ғана ойламай, экологияның да зардабын ескеру керек деп есептейді.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы