Абай оқулары үшін ШҚО шенеуніктеріне айыппұл салынды

Қала әкімінің орынбасары мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы 320 мың теңге (115 АЕК) мөлшерінде айыппұл төледі

Абай оқулары үшін ШҚО шенеуніктеріне айыппұл салынды

Өскемен қаласы әкімдігі мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің лауазымды тұлғалары Абай өлеңін оқып, көпшілік шараға қатысып, карантин ережелерін бұзды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ШҚО Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«Тамыз айында Өскемен қаласы әкімдігінің қызметкерлері оннан астам адамның қатысуымен бейнеэстафета түрінде жаппай іс-шара өткізді. Сол кезде қала аумағында ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын басқа да іс-шараларды өткізуге тыйым салынды», - деп түсіндірді ведомстводан.

Видеоэстафетаны өткізу кезінде қатысушылар маска режимі мен әлеуметтік дистанциялау талаптарын ескергеніне және сақтағанына қарамастан, карантиндік шараларды бұзу фактісі бойынша ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге жауапты лауазымды тұлғалар тартылды.

Қала әкімінің орынбасары мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысына айыппұл салынды. Айыппұл мөлшері – 320 мың теңге (115 АЕК).

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.