Солтүстікте астық ұрлығы жиіледі
СҚО-да орақ науқаны басталғалы бері ауыл шаруашылық кәсіпорындарында жасалған 10 қылмыс ашылды
Солтүстік Қазақстан облысында астық, қосалқы бөлшек пен жанар-жағармай ұрлығы көбейді. Қылмыстың алдын алу мақсатында теріскейлік тәртіп сақшылары «Астық» жедел-профилактикалық шарасын жүзеге асыруда, деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» тілшісі.
«Астық» жедел-профилактикалық шарасы егін ору науқаны кезеңінде диқаншыларға көмек көрсетуге, астық, жанар-жағармай, ауыл шаруашылық техникасының қосалқы бөлшектерінің сақтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жұмыс аграрлық кәсіпорындардың қауіпсіздік қызметтерімен бірлесе жүргізілуде.
«Тамыздың 25-інде Тайынша ауданында жүргізілген рейд барысында учаскелік полиция инспекторы мен жергілікті серіктестіктердің бірінің ішкі қауіпсіздік қызметкерлерінің назары тіркемемен бидай тасымалдап жүрген тракторға түскен. Бидай тиелген техника серіктестік қоймасына емес, ауыл жаққа қарай бет алған. Күмәнді көлік туралы хабарлама аудандық полиция бөліміне жолданып, тексеріс барысында астық дәнінің 3,4 тонна ұрлануы фактісі анықталды, астық күдіктінің қорасынан табылды», - дейді СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Нұрбек Баекин.
Күдікті аталған кәсіпорынның 1975 жылғы механизаторы болып шықты. Аталмыш факт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған астық алынды, күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.
Жаздың соңғы күнінде аталған ауданда СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының мобильді тобы егін даласынан бір шақырым жерде бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет сотталған, Аққайың ауданының 1987 жылғы тұрғыны басқарған тіркемесі бар «КамАЗ» көлігін тоқтатқан. Ол ілеспе құжаттарсыз 22 тонна жаңа астықты алып шықпақшы болған. Аталған факт Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша енгізілді. Шығын сомасы 2 млн теңгеге бағаланды. Күдіктіге қатысты келуге міндеттелу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Ұрланған астық алынды. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайын толық және жан-жақты зерделеу үшін барлық қажетті шаралар жүргізілуде. СҚО-да орақ науқаны басталғалы бері ауылшаруашылық кәсіпорындарында жасалған 10 қылмыс тіркеліп, ашылды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО