Павлодар облысында мемлекетке 550 млн теңгеден астам сомаға залал келтіру фактісі анықталды
Заңсыз іс-әрекеттің жалпы айналымы 2 миллиард теңгеден астам соманы құрайды
Қаржы мониторингі комитетінің Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті «ЅТОР-ОБНАЛ» шарасы аясында іс жүзінде жұмыс орындалмаған, қызмет көрсетілмеген, тауарлар тиеп-жөнелтілмеген шот-фактураны заңсыз жазу фактілерін анықтады. Заңсыз іс-әрекеттің жалпы айналымы 2 миллиард теңгеден астам соманы құрап, соның нәтижесінде мемлекетке 550 млн теңгеден астам сомаға салық төлемеу түрінде залал келтірілді.
«Қазір бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Айыпталушылардың басқа қылмыстық құқықбұзушылықтарға, сонымен қатар мемлекеттік сатып алуды орындау шеңберінде бюджет қаражатын ұрлауға, қылмыстық жолмен алынған кірістерді (мүлікті) заңдастыруға, сондай-ақ капиталды шетелге шығаруға қатысы бар-жоғы тексерілуде», - делінген хабарламада.
Павлодар облысы бойынша ЭТД ақшалай сыйақы немесе бір реттік пайда алу мақсатында заңды тұлғаны (АҚ, ЖШС, ЖК нысанында) өз атына тіркеуді, қайта тіркеуді ұсынудан азаматтарды сақтандырады. Мұндай әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабы бойынша мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.