Елордалық полицейлер көпірден секірмек болған 16 жастағы қызды құтқарып қалды
Өзіне қол жұмсамақ болған 16 жастағы қыз ата-анасымен бірге Есіл ауданының полиция бөліміне жеткізілді
2 қыркүйекте полиция қызметіне Сарайшық көшесінде өзіне қол жұмсамақ болған жасөспірім қыздың жүргені туралы хабарлама түскен. Жедел басқару орталығының операторлары қыздың қай жерде жүргенін біліп, оның көпірден секірмек болған жерін анықтаған. Арада 5 минут өткенде оқиға орнына патрульдік полиция полкінің құрамы барып, көмірдің жиегінде секірмек болып тұрған қызды райынан қайтару үшін диалог орнатқан.
Полк құрамында болған капитан Бауыржан Қайырбековтың айтуынша, олардың райынан қайтаруға тырысқан әрекетіне қыз тарапынан еш реакция болмаған және ол күйзеліс жағдайында болған. Полиция өкілдері әңгімелесуге тырысқанымен, ол өзіне ешкімнің жақындамауын айтып, айқайға басқан.
Арада бірнеше секунд өткенде полицей Әділет Амантай шапшаң қимылдап, қызды қапсыра құшақтап, аман алып қалған. Содан соң қалған полиция өкілдері де дер кезінде көмек беріп, қызды қауіпсіз жерге шығарған.
Өзіне қол жұмсамақ болған 16 жастағы қыз ата-анасымен бірге Есіл ауданының полиция бөліміне жеткізілді. Қазір жасөспіріммен психологтар жұмыс істеп жатыр.