Ақмола облысында суға шомылу маусымында 19 адам суға кетті
Облыстағы суға бату оқиғаларының басым бөлігі Есіл, Нұра және Жабай өзендерінде болған

Ақмола облысында шомылу маусымы жабылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі суға шомылуға арналмаған су қоймаларында болған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында департамент бастығы Алексей Советов мәлім етті.
Облыстағы суға бату оқиғаларының басым бөлігі Есіл, Нұра және Жабай өзендерінде болған.
Спикердің айтуынша, жаз айларында азаматтардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамай суға түсуінің салдарынан 19 адам суға кеткен. Оның алтауы - кәмелет жасқа толмағандар.
Биыл суға түсу кезінде ақмолалық құтқарушылар барлығы 50 адамды құтқарып қалған. Оның ішінде 34-і - кәмелет жасына толмағандар. Сонымен қатар, 87 адамға дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетуге тура келген.
«Суға кету мен судан келетін қауіптің алдын алу мақсатында облыс әкімінің 13 сәуірдегі «Шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары» қаулысына сәйкес, көптеген іс-шаралар жүргізілді. Облыстағы барлық су қоймаларына 610-нан астам шектеу бекеттері қойылып, онда 151 құтқарушы жұмыс істеді. Соның нәтижесінде, былтырғы жылмен салыстырғанда азаматтардың суға кету көрсеткіші аз да болса төмендеді», - деп атап өтті Алексей Советов.
Айта кетерлігі, қайтыс болған 19 адамның 11-і облыс тұрғындары болса, қалған 8-і - Нұр-Сұлтан және СҚО азаматтары.
«Өңірде 1 қыркүйектен бастап шомылу маусымы жабылғанымен, жақында балық аулау маусымы басталады. Құтқарушылар тарапы мұз бетіне шығуға арналған қауіпсіздік шараларын да ұйымдастыруды жоспарлап отыр», - дейді Советов.
Түнде балық аулау сияқты қауіпсіздік шаралары мен жалпы ережелерді сақтамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы