Елордада жүкті әйелдің телефонын ұрлап қашқан оқушы ұсталды
Күдіктінің қылмыс жасаған әрекеті бақылау камерасына түсіп қалған
Елордалық полицейлер қаладағы мектептердің бірінде оқитын 17 жастағы оқушыны алаяқтық жасағаны үшін қолға түсірді.
Жасөспірім анасына қоңырау шалу үшін Ботаникалық бақ аумағында жүрген жүкті әйелден телефонын сұрап, қымбат тұратын iPhone 11 маркалы телефонды алып қашқан.
Қылмыс жасалғаннан кейін бірнеше минут өткенде Ботаникалық бақтың жедел қадағалау орталығының бейнебақылау инспекторы жәбірленуші хабарлаған белгілерге ұқсас жас жігітті байқаған. Көп ұзамай ауданға «Талас» патрульдік полициясының экипажы жіберіліп, күдіктіні ұстап, қолды қылған телефонды қайтарып алды.
Қалалық ПД ювеналды полиция бөлімінің хабарлауынша, ұсталған мектеп оқушысы бұған дейін де бірнеше рет үйінен кетіп қалған екен. Сондай-ақ осыған дейін де бірнеше рет бөтеннің мүлкін ұрлаған. Қазір ол ювеналды полицияның аумақтық бөлімінде есепте тұр.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу басталды.