«Әйелін ұрды» деген күдікке ілінген талдықорғандық жас шенеунік қызметінен кетті
Алматы облысының Жастар саясаты басқармасының басшысы Жомарт Қаратас қызметінен кетті
Алматы облысының Жастар саясаты басқармасының басшысы Жомарт Қаратас қызметінен кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы хабарлады.
«Бүгіннен бастап Ж. Қаратас өз өтініші бойынша қызметінен босатылды. Кадр бөлімінен осындай мәлімет алдым»,- деді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жетекшісі Айдар Башбаев.
Айта кетейік, биыл 27 маусымда Ж. Қаратас өз әйеліне пышақ жарақатын салды деген ақпарат тараған болатын. Алайда, сол күні талдықорғандық блогерлердің бұл ақпаратын оның зайыбы Динара Қаратас жоққа шығарған. Бірақ іс сотқа дейін жетіп, әлеуметік желіде соттың қаулысы жария болған еді. Облыстық жастар саясатына жауапты шенеуніктің отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты әрекет сотта қаралғаны мәлім болды. Алматы облысы Талдықорған қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ерлі-зайыпты Қаратастарға қатысты азаматтық істі қарап, тиісті қаулы шығарған. Құрамында төрағалық етуші судья М.И. Мамытова және хатшы Ж. Амандосұлының қатысуымен, ал әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша жауапкер Ж.М. Қаратас пен жәбірленуші Д.М. Қаратастың WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы қатысуымен сот отырысы онлайн режимде өткен.
Оқи отырыңыз: «Әйелін ұрды» деген күдікке ілінген талдықорғандық шенеунік жазадан құтылып кетті
Алматы облысы әкімінің өкімімен Жомарт Қаратас облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы болып 2019 жылдың 1 ақпанда тағайындалған. Отыз екі жастағы мемлекеттік қызметкер Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін, Ө. Жолдасбеков атындағы Экономика және құқық академиясын алғашқы әскери дайындық, заңгер, мемлекеттік жергілікті басқару мамандықтары бойынша бітірген. Әр жылдарда «Жетісу жастары ұйымының конгресі» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының бас әкімші лауазымдарын атқарды. 2017 жылы қаңтар айында Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры директорының орынбасары болған.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы