$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.08.2020, 17:00
Оқиғалар

«Әйелін ұрды» деген күдікке ілінген талдықорғандық шенеунік жазадан құтылып кетті

Жомарт Қаратастың әрекеті тәртіптік кеңес назарынан тыс қалды  

«Әйелін ұрды» деген күдікке ілінген талдықорғандық шенеунік жазадан құтылып кетті

Алматы облысының орталығы Талдықорғандағы лауазымды мемлекеттік қызметтегі тұлалардың бейәдеп қылықтары туралы БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде жиі-жиі талқыланып тұрады. Жақында ғана аймақтың бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов кәсіпкерлерге дөрекі сөйлегені үшін сынға ұшырады. Ол өз қатесін түсініп, дереу кешірім сұраған. Дегенмен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Талдықорған қаласындағы Әдеп жөніндегі кеңесі бұл жағдайды қарап, қоғам назарына іліккен шенеунік тиісті жазасын алды. Облыстың бас санитар дәрігері дөрекілігі үшін қатаң сөгіс алып тынды.

Маусым айында облыстық басқармалардың біріне жетекшілік ететін тағы бір шенеунік Талдықорған блогерлерінің назарына ілікті. Алматы облыстық Жастар саясаты басқармасының басшысы Жомарт Қаратас әйелін соққыға жығып, дене жарақатын салған деген ақпарат шыққан. Алайда аймақтың баспасөз қызметіне жауапты тұлғалар бұл жағдайдың шындыққа жанаспайтынын айтып, БАҚ өкілдеріне хабарлама таратты. Тіпті, Жомарт Қаратас пен оның зайыбы Динара Қаратас та «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирге шығып, отбасында ешқандай дау болмағанын растады. Осылайша, бұл мәселе ел назарынан тыс қалған еді.

ДӘЛЕЛ БАР, БІРАҚ ЖАЗА ЖОҚ 

Дегенмен, облыстық жастар саясатына жауапты шенеуніктің отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты әрекет сотта қаралғаны мәлім болды. Алматы облысы Талдықорған қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ерлі-зайыпты Қаратастарға қатысты азаматтық істі қарап, тиісті қаулы шығарған. Құрамында төрағалық етуші судья М.И. Мамытова және хатшы Ж. Амандосұлының қатысуымен, ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жауапкер Ж.М. Қаратас пен жәбірленуші Д.М. Қаратастың WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы қатысуымен сот отырысы онлайн режимде өткен. 

Скриншот: Қаулы №3-2212/2020, 2020 жылдың 15 шілдесі, Талдықорған қаласы

Сот қаулысында шенеуніктің жарына ешқандай зорлық-зомбылық көрсетпегені, тек телефон арқылы сөзге келгені жазылған. Оқиға болған түні, яғни 27 маусымда Жомарт Мандатұлы Алматы облысы Іле ауданында іссапарда болғанын алға тартыпты. Бірақ қаулыда басқарма басшысы сотқа тиісті іссапар куәлігін көрсете алмаған деп жазылған. Ал, жәбірленуші Динара Қаратас түсініктемесінде күйеуінің ұрып-соқпағанын, денесіндегі жарақатты үй ауласындағы қоршауға соғылып, байқаусызда алғанын айтып ақталады. 

«Сотта жәбірленуші Д.М. Қаратас хаттамадағы мән-жайды растамай, заңды некедегі күйеуі Ж.М. Қаратастың 2020 жылы 27 маусымда үйінде болмағанын, іссапарға кеткенін, оған ешқандай дене жарақатын келтірмегенін, ол аталған дене жарақаттарын көшеге шығатын қашадан алғанын айтты. Бірақ, сол күні күйеуімен арада ұялы телефон арқылы ұрыс болғанын, соған байланысты ол ашуланып, ызалықпен жалған ақпарат беріп, арыз жазғанын, ауруханаға қайырылғанын айтып, қазіргі уақытта күйеуі одан кешірім сұрағанын, отбасын сақтап қалу мақсатымен татуласқанын, осыған орай Ж.М. Қаратасқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс өндірісін тоқтатуды сұрап, арызбен қайырылды», - делінген қаулыда.

Алайда, 27 маусымда болған жағдайларды үш куәгер растаған. Сот Талдықорған қалалық полиция басқармасының анықтаушысы, полиция аға лейтенанты А. Турсынбаевтан, қалалық поиция басқармасының инспекторы, полиция аға лейтенанты, кезекші Қ.Ө. Темірхановтан, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының дәрігері Б.Е. Таурбаевтан сот барысында түсініктеме алады. Олардың үшеуі де Динара Қаратастың шағымданып, арыз жазғанын көрсеткен. Дәрігер әйелдің жарақатын қарап, анықтама бергенін айтып береді.

Сотта сұралған Талдықорған қалалық полиция басқармасының анықтаушысы полиция аға лейтенанты А. Турсынбаев 2020 жылы 27 маусымда ұялы телефон арқылы түскен хабарламадан соң Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына жәбірленуші Д.М. Қаратастан арыз және түсініктеме алу үшін барғанын айтқан. Жәбірленуші Д.М. Қаратас дәрігердің қарауынан шыққан соң, оны күйеуі Ж.М. Қаратас жеті жыл бойы ұрып-соғып келе жатқанын, осы жолы оны кешірмейтінін, ұрып-соғып және пышақпен дене жарақаттарын келтірді деп айтқанын, түсініктеме бергенін айтты.

Сотта сұралған Талдықорған қалалық полиция басқармасының инспекторы, полиция аға лейтенанты Қ.Ө. Темірханов ұялы телефон арқылы кезекшілік бөлімге хабарлама түскен соң, ол жәбірленуші Д.М. Қаратастың әкесінің үйіне барғанын жеткізген. Аталған үйден жәбірленушінің әкесі шығып, қызы Д.М. Қаратасты күйеу баласы Ж.М. Қаратас ұрып-соғып, пышақпен дене жарақаттарын келтіргенін, түнгі уақытта қызы үйіне жылап келгенін айтып, шара қолдануды сұранғанын, жәбірленуші Д.М.Қаратастың оң қолында және аяқтарында дене жарақаттары болғанын, оқиға бойынша ол арыз және түсініктеме беріп, Ж.М.Қаратастың оны үнемі соққыға жығатынын, осы жолы кешірмеймін деп шара қолдануды сұранғанын, бұдан бөлек, өз сөзінде жәбірленуші Д.М.Қаратас жанжалдың үйінде болғанын, үйінде күйеуі Ж.М.Қаратас екеуінен басқа адам болмағанын айтқанын баяндаған.

«Сотта сұралған Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының дәрігері Б.Е.Таурбаев 2020 жылы 27 маусымда түнгі уақытта жәбірленуші Д.М.Қаратастың жүгінгенін, оның оң қолында пышақпен тілінген дене жарақаттары және аяғында сырылған дене жарақаттары, басының жұмсақ тіні көгергенін, аталған дене жарақаттарын күйеуі салды деп жылағанын, ол жәбірленушінің дене жарақаттарын қарап, тексеріп, анықтама бергенін айтты», - делінген Талдықорған қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысында.

Қорыта айтқанда, Алматы облысы Жастар саясаты басқармасының басшысы Жомарт Мандатұлының әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны дәлелденген. Алайда, судья Майгүл Мамытова тараптардың өзара келісуіне байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі тоқтатқан.       

Сот отырысында Ж.М.Қаратастың кінәсі өзінің, жәбірленушінің сотта берген түсініктемелерінен басқа, сотта сұралған куәлердің түсініктемелерімен, 2020 жылғы 27 маусымдағы Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының анықтамасымен, Ж.М.Қаратастың жазбаша түрде берген түсініктемесімен, 2020 жылғы 7 шілдедегі сот-медициналық сараптама қорытындысымен және әкімшілік іс-құжаттарымен толықтай өз дәлелін тапқан.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-2 бабының 1-1 бөлігімен қозғалған Жомарт Мандатұлына Қаратасқа қатысты қозғалған әкімшілік іс өндірісі жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылсын, ол әкімшілік жауаптылықтан босатылсын», - деп шешім шығарған сот қазысы. 

Бұл шешіммен келіспеген тараптар Алматы облыстық сотына Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты арқылы шағым түсіруге және прокурормен өтінішхат келтіруге құқылы. Алайда, Алматы облыстық сотының баспасөз хатшысы Самат Ауғанов Azattyq Rýhy ақпарат агентігіне сот шешімі күшіне енгенін және қайтадан ешкім шағымданбағанын жеткізді.

«БҰЛ ЖАСТАРҒА ҮЛГІ БОЛАТЫН ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАҒА ЖАТ ҚЫЛЫҚ» 

Бұл мәселеге байланысты Алматы облыстық әйелдер құқығын қорғау орталығының президенті Жанар Нұрмұханова пікір білдірді.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңның солқылдағынан емес, әйелдердің өздерінің әлсіздігі мен отбасын сақтап қалуға деген талпынысынан, мұндай істер соңына дейін жетпейді. Бұл біздің меналитет және бұл осылай жалғаса береді. Аймақтық орталық жетекшісі лауазымды шенеунік  Жомарт Қаратастың отбасылық жағдайына араласуға құқығымыз жоқ. Бірақ осыдан кейін мұндай адамның мемлекеттік қызметте істеуге моральдық құқығы болмауы тиіс», - дейді Жанар Нұрмұханова.

Ж.Нұрмаханова жағдайдан бірінші күннен хабардар екенін жеткізді.

«Facebook» әлеуметтік желісіне жазылған сәтте Динараға көмек қолын созу үшін жазба қалдырдым. Телефонымды қалдырдым. Бірақ ол хабарласқан жоқ. Жомарт Қаратас бастық па, бастық емес пе, жасы үлкен бе, кіші ме маңызды емес. Бірақ моральдық тұрғыдан алып қарағанда, отбасы шеңберінен шығып кеткен нәрсеге назар аударуымыз керек. Жомартты жақсы танығандықтан сенбедім, бірақ сотпен дәлелденген соң, айтар сөзім қалмады. Біздің принцип бойынша біреудің отбасына арыз болмаса, кірісе алмаймыз.

Ең бастысы, ол (Ж.Қаратас- авт.) жастар саясатын жүргізіп отырған адам. Ең бірінші ол жастарға өзі үлгі болуы керек. Өз әрекетімен үлгі болуы керек еді. Меніңше ондай адамдар мемлекеттік қызметкерлер санатында болмауы тиіс. Жомарт Қаратасқа қарасақ, ол «публичный адам», Алматы облысы аумағында танымал адам. Неге оған тәртіптік жаза қолданбағанын білмеймін? Бірақ қылмыстық болмаса да, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы керек еді деп ойлаймын», - дейді Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығының басшысы. 

Жанардың айтуынша, ұйым Алматы облысында әйелдер құқығын қорғаумен 22 жылдан бері айналысады. Ол ай сайын кем дегенде 10 адамның тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша шағымданатынын айтады. Биыл наурыз, сәуір және мамыр айларында бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Карантин жағдайында отбасындағы жанжалдардың артқанын, бірақ соңғы айларда бұл фактілер қайтадан азайғанын мәлімдеді. 

«Өкінішке қарай, зорлық-зомбылыққа ұшырап, бірақ артынан татуласуы үлкен мәселе боп тұр. Мәселен, әйелі мен күйеуі төбелескен соң, арыз жазылады. Полиция материалды жинап, сотқа жеткенше тараптар татуласып алады. Олардың 60-70 пайызы қайтадан татуласады. Менің жеке ойым: әйел мұндай шешімге күйеуін кешіргеннен емес, шарасыздықтан келеді. Материалдық тәуелділік, жеке үйі, жұмысы жоқ. Баламен үйде отырған соң, тәуелді. Екіншіден, туыстық факторлар әсер етеді. Екі жақтың жақындары отбасының бұзылмағанын қалайды. Арыздарын алдырады. Бірақ мұнымен жағдай түзеліп кетсе жақсы. Бұл аралықта полиция да түрлі экспертизалар жасайды, дәлелдер іздейді. Істі сотқа апарарда, тараптар келісіп алатын еді. Сондықтан жаңа заңға біз істі бәрібір қарап, шешім шығаруға ұсыныс енгізуге еңбектендік. Әйелі кешіріп тұрса да оны жауапқа тарту керек деп ойлаймын», - дейді Ж. Нұрмұханова. 

«СОТ ҚАУЛЫСЫН КӨРМЕДІМ»

Жомарт Қаратас қоғам назарына іліккен бұл оқиғаға байланысты Azattyq Rýhy тілшісіне қысқаша пікір білдірді. Облыстық Жастар саясаты басқармасының басшысы жоғарыдағы сот қаулысымен таныспағанын айтты. Жас шенеунік бір ай бұрын күшіне енген сот шешімінен неге бейхабар екенін ашып айтқан жоқ. 

«Сот онлайн түрде өтті. Ол жерде ешқандай зорлық-зомбылық болмаған ғой. Әйеліммен де сөйлессеңіз болады. Шынымды айтсам, мен сот шешімін көрген де жоқпын. Ал әйелім ондай ештеңе болмағанын, ашумен айтып қойғанын жеткізді. Жазып қойдым деді, болды. Ал сотта куәлік берген дәрігер, полиция қызметкерлерінің түсініктерін естімей қалдым. Өйткені сот онлайн режимде болды», - деді Ж. Қаратас.

Алматы облысы әкімінің өкімімен Жомарт Қаратас облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы болып 2019 жылдың 1 ақпанда тағайындалған. Отыз екі жастағы мемлекеттік қызметкер Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін, Ө. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын алғашқы әскери дайындық, заңгер, мемлекеттік жергілікті басқару мамандықтары бойынша бітірген. Әр жылдарда «Жетісу жастары ұйымының конгресі» Жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының бас әкімші лауазымдарын атқарды. 2017 жылы қаңтар айында Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры директорының орынбасары болған.

ӘЙЕЛІ КЕШІРСЕ ДЕ, ІС СОТҚА БАРАДЫ

Отбасылық зорлық-зомбылықтан жылына елде 500-ге жуық әйел көз жұмады. Биыл 8 сәуірде Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданындағы жекеменшік үйлердің бірінде Серік Қапизов есімді тұрғын әйелі мен екі қызын өлтірген болатын. Оған жақында өмір бойы түрмеде отыру туралы үкім шықты. Бұл оқиға қоғамның наразылығын тудырып, тұрмыстық жанжалдардың салдарына қатысты заңды қатаңдату қайтадан күн тәртібіне шықты. Осы жылы қаңтарда күшіне енген «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң бойынша әйелін ұрғандарға айыппұл салынбайды, бірақ соттың шешімінсіз татуласуға да болмайды. Талдықорғандық Қаратастардың ісі осы нормаға сәйкес қаралған.

Биыл 11 қаңтарда күшіне енген заңда көрсетілгендей, енді жұбайына күш көрсеткендерге айыппұл салынбайды, тек жазбаша ескерту беріледі. Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті айыппұл отбасылық бюджетке зардабын тигізеді деген норманы енгізген. Бірақ әйел тарапынан арыз жазылса, бұдан былай оны тек сот қана тоқтата алады. Бұрын ерлі-зайыптылар татуласса, істі прокуратура немесе полиция сотқа жолдамай-ақ жаба алатын еді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары